Автожуу орындары суды қалай үнемдейді? Қазақстандағы жағдай қандай?

29 Қазан 2026, 15:38
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 29 Қазан 2026, 15:38
29 Қазан 2026, 15:38
245
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Президент автожуу орындарында ауызсуды орынсыз пайдалануға тосқауыл қоюды тапсырды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еліміздегі 3 285 автожуу орнының тек 477-сінде суды айналымға жіберіп, қайта пайдаланатын жүйе орнатылған. Сонымен қатар министрлік ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу тәсілдерін қайта қарастырып жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің BAQ.KZ тілшісіне берген ақпаратында айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударды. Президенттің айтуынша, Қазақстанда ірі су көздеріне жақын орналасқан, суармалы егіншілікке жарамды ауқымды жер алқаптары бар. Оларды игеру дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Алайда жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдейтін озық тәсілдер мен агрохимиялық технологияларды қолдану маңызды. Мемлекет басшысы елімізде бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі әлі де төмен екенін атап өтті.

Сондай-ақ Үкімет пен әкімдіктерге су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі шығынды азайту және ауызсудың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеу міндетін жүктеді. Президент, әсіресе, автожуу орындарында ауызсудың орынсыз жұмсалуына тосқауыл қою қажеттігін айтты. 

Автожуу орындарында суды қайта пайдалану жүйесі қаншалықты кең таралған?

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Ербол Салихбаевтың айтуынша, ведомство су ресурстарын ұтымды пайдалануға, соның ішінде автожуу орындарының техникалық қажеттіліктерге ауызсу жұмсауын азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр.

2026 жылғы 1 тамыздағы қолда бар мәлімет бойынша, Қазақстанда 3 285 автожуу орны болған. Оның 477-сі айналымдық және қайталама сумен жабдықтау жүйелерімен жабдықталған. Мұндай нысандардың саны 381-ден 477-ге дейін өсті, – деді Ербол Салихбаев.

Осы деректерге сәйкес, автожуу орындарының шамамен 14,5%-ында суды айналымға жіберіп, қайта пайдалануға мүмкіндік беретін жүйелер бар.

Департамент директорының түсіндіруінше, автожуу орындарының басым бөлігі суды қалалық орталықтандырылған су құбыры желілерінен алады. Ал жеткізілетін су көлемі тұтынушылар мен сумен жабдықтау ұйымдары арасындағы шарттар негізінде белгіленеді.

Министрлік Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, автожуу орындарының суды нақты тұтыну көлеміне талдау жүргізбек.

Ербол Салихбаевтың айтуынша, айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелері суды тазалап, оны автокөлік жуу барысында бірнеше рет пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жаңа суды тұтыну қажеттілігін азайтады.

Су кодексіне және елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес, ауызсуды техникалық мақсатта пайдаланатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер тиісті негіз болған жағдайда айналымды және (немесе) қайта сумен жабдықтау жүйелерін орнатуға тиіс.

Қазір министрлік бассейндік су инспекцияларымен және сумен жабдықтау ұйымдарымен бірлесіп, заңнама талаптарын түсіндіру, автожуу орындары туралы мәліметтерді нақтылау және суды қайта пайдалану технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Су үнемдеу технологияларына 214,6 млрд теңге бөлінеді

Президент Жолдауында ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану технологияларын енгізу қарқыны күткен нәтижеге жеткізбей отырғанын да атап өтті.

Осыған байланысты министрлік су үнемдеу бағытындағы тәсілдерді қайта қарастырып жатыр. Ендігі мақсат – заманауи суару жүйелері орнатылған алқаптарды ғана көбейту емес, судың нақты үнемделуіне және ауыл шаруашылығындағы су тиімділігінің артуына қол жеткізу.

Негізгі назар тек су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптарды ұлғайтуға емес, судың нақты үнемделуіне және ауыл шаруашылығы өндірісінің су тиімділігін арттыруға бағытталған, – деді Ербол Салихбаев.

Министрлік бұл үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруді, субсидияланатын су үнемдеу шешімдерінің тізбесін кеңейтуді, шаруаларды заманауи суару әдістеріне көшуге ынталандыруды және су тұтынуды цифрлық есепке алу мен бақылауды енгізуді көздеп отыр.

Қазір су үнемдеу жүйелерін сатып алу мен орнатуға жұмсалған шығынның 80%-ына дейін өтеледі. Ал осындай технологияларды қолданған кезде суару суының құнын субсидиялау деңгейі 85%-ға дейін жетеді.

2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі 214,6 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Оның ішінде 2026 жылы – 58,5 млрд теңге, 2027 жылы – 74,6 млрд теңге, 2028 жылы – 81,5 млрд теңге қарастырылған.

Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта жұмыстың нәтижесі су үнемдеу технологиялары енгізілген жер көлемімен ғана емес, судың үлестік шығынының азаюымен, ысыраптың қысқаруымен және ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету көрсеткіштерімен бағаланбақ.

Наверх