Қазақстанда әуежайлар мен автомобиль жолдарынан бастап теміржолдар мен Каспийдегі порттарға дейін бүкіл көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жүріп жатыр. Саланың негізгі жобалары туралы ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған жалпыұлттық онлайн-марафон эфирінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Вице-министрдің сөзінше, бүгінде көлік саласы ел экономикасын дамытудың маңызды қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді.
Бүкіл ел бойынша орасан жұмыс атқарылып жатыр. Іс жүзінде барлық бағытта көлік инфрақұрылымы толық жаңғыртылуда. Бүгінде көлік саласы экономиканы дамытудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін көрсетіп отыр, – деді Жәнібек Тайжанов.
Әуежайлар жаңғыртылып, ұшу бағыттары кеңейтіледі
Негізгі бағыттардың бірі – азаматтық авиацияны дамыту. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Жыл соңына дейін тағы үш әуежайдың құрылысын аяқтау жоспарланған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. 2029 жылға дейін еліміздің әр өңіріндегі әуежайлардың ұшу-қону жолақтарын жөндеу және терминалдарын қайта жаңғырту көзделген.
Сонымен қатар Қазақстан халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейтіп келеді. Бүгінде елімізден 32 мемлекетке 161 бағыт бойынша әуе рейстері орындалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету аясында әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Бұдан бөлек, ұшу географиясы кеңейтілуде. Бүгінде ол 32 мемлекет пен 161 бағытты қамтиды, – деді вице-министр.
11 мың шақырым автожол салынып, жөнделіп жатыр
Жол саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жәнібек Тайжановтың айтуынша, қазіргі уақытта 11 мың шақырымға жуық автомобиль жолы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған.
Сонымен қатар мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттері жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жұмыстар шамамен 37 нысанды қамтиды.
Қазақстан порттарының өткізу қуаты 30 млн тоннаға дейін артады
Мемлекет теңіз көлігі мен Каспийдегі инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір Қазақстан порттары шамамен 21,8 млн тонна жүк өңдеуге қауқарлы. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткішті едәуір арттыру жоспарланған.
Бүгінде біздің порттар шамамен 21,8 миллион тонна жүк өңдей алады. Біздің міндетіміз – 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 миллион тоннаға жеткізу, – деді Жәнібек Тайжанов.
Осы мақсатта порт инфрақұрылымы жаңғыртылып, Ақтау портының акваториясы тереңдетіліп, жаңа айлақтар мен терминалдар салынып жатыр.
Теңіз флоты да жаңартылып жатыр. 2029 жылға қарай кемелер санын 28-ге дейін жеткізу жоспарланған. Көлік министрлігі бұл Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдарды дамытуға қосымша серпін береді деп есептейді.
Жаңа теміржолдар және жаңартылып жатқан 124 вокзал
Теміржол саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елде жаңа теміржол желілері салынып, қолданыстағы жолдар жаңғыртылып, жылжымалы құрам жаңартылуда.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде Қазақстанда өндірілген өнімдер кеңінен қолданылып келеді.
Құрылыс барысында 85% отандық өнім пайдаланылады. Оның барлығы – өзімізде, Қазақстанда өндірілетін өнімдер. Жылжымалы құрам жаңартылып, жаңа жолаушылар вагондары шығарылып жатыр, – деді вице-министр.
Жаңғырту бағдарламасы теміржол вокзалдарын да қамтыды. Жалпы еліміз бойынша 124 вокзалда жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тайжановтың айтуынша, бұл жобалардың барлығын бір стратегиялық мақсат біріктіреді. Ол – еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттырып, Қазақстанның халықаралық көлік бағыттарындағы рөлін күшейту.
Біздің негізгі міндетіміз – Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайту. Осы жобалардың арқасында бұл мақсатқа қол жеткіземіз деп сенеміз, – деп қорытындылады Жәнібек Тайжанов.