Автоөндірушілерді қаржыландыруда заңнама талаптары жоғары екені анықталды

11 Қазан 2021, 22:53
10993
Бөлісу:
Автоөндірушілерді қаржыландыруда заңнама талаптары жоғары екені анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кедергілер жөніндегі кеңестің кезекті отырысында автоөндірушілер нарығына кіруге кедергі келтіретін тосқауылдар талқыланды. 

Атап айтқанда, автоөндірушілерді лизингтік қаржыландыру қаражатын бөлу кезінде ашықтықтың болмауы мәселелері көтерілді, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басым жағдайын белгілеу, автоөндірушілерді таңдауда лизинг алушыларды шектеу фактілері атап өтілді.

Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасу кезінде заңнамалық деңгейде жоғары (орындалмайтын) талаптар белгіленген. Мысалы, автоөндірушінің жылына 10 000 бірлік жүк және арнайы техниканың өндірістік қуаты болуы қажет. Ал, 2021 жылдың 5 айында Қазақстанда 3044 бірлік жүк көлігі және 114 бірлік арнайы техника ғана өндірілген. Яғни, заңнама талаптары нарық субъектілерің мүмкіндігін шектеуде.

Лизингтік қаржыландыру түрінің мемлекеттің қаржылық қолдауына, өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімі жоқ нарық субъектілері жіберілмейді.

Елордалық Кедергілер жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша тосқауылдар картасына белгіленген мәселелерді енгізу туралы шешім қабылданды. Анықталған кедергілер мен оны жою жөніндегі ұсыныстар орталық монополияға қарсы органға жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, автоөндірушілер нарығына кірудегі мәселелерді  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Кедергілер жөніндегі кеңестің алдыңғы отырысында «ҚазАвтоПром» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы» ЗТБ директоры А.Серғалиев айтқан болатын.

Көтерілген мәселелер басқа да мүдделі тұлғалармен бірлесе отырып талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы