Автомобиль жолдарында қандай инновациялар қолданылады?

22 Шілде 2020, 12:20
2115
Бөлісу:
Автомобиль жолдарында қандай инновациялар қолданылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жобалау, күрделі жөндеу және күтіп ұстау кезінде инновациялық жаңашылдықтарды енгізу шаралары жалғасуда. Мамандар тәжірибелік-эксперименттік учаскелерді анықтап, жоспарға сәйкес 2020 жылы енгізілуі тиіс инновациялық жаңашылдықтардың тізімін құрды. 


Нақтырақ айтқанда, "Нұр-Сұлтан – Петропавл" автомобиль жолының тәжірибелік учаскесінде мобильді Leica Pegasus:Two лазерлік сканері сынақтан өткізілуде. Ол көлік құралдарына орнатылады. Сканер аймақ, инженерлік нысандар мен жол инфрақұрылымы жөніндегі ақпаратты жинау үшін қолданылады. 
ИИДМ баспасөз қызметі хабарлағандай, автомобиль жолдары саласында жерді қашықтан зондтау жүйесі мен ГИС-технологиялар қолданылады. Мұндай құрал жолдағы жағдайды кешенді бағалау және автомобиль жолдары құрылысын  басқарудың тиімділігін жоғарылату үшін қолданылады. Ол, сондай-ақ, жолдардың қар астында және су астында қалатын учаскелерін анықтауға мүмкіндік береді. Жүйені сынақтан өткізу үшін "Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Киевка – Теміртау" және "Қызылорда – Павлодар – Успенка" автомобиль жолдарының учаскелері бөлінді. 

Бұдан басқа, жолдарда битумды эмульсия мен цементті пайдалану арқылы жол жабындысын ресайклинг әдісімен жөндеу технологиясы қолданылады. Бұл әдіс тұрақтандырушы қоспаны пайдалануды болдырмай, қоспа құрамындағы цемент үлесін 1,5% төмендетеді. Бұл өз кезегінде жөндеу құнын төмендетіп, жол сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Аталмыш технология "Мамлютка-Қостанай" автомобиль жолының учаскесінде сынақтан өткізіліп жатыр. 
Автомобиль жолдары саласындағы тағы да жаңашылдық – поливинилхлоридтен жасалған қоршауларды орнату. Ерекше ұстау қабілеті бар мұндай қоршаулар "Самара – Шымкент" жолында орнатылған. Ал "Алматы – Қорғас" автомобиль жолының 30 шақырымында жел генераторы бар жарықтандыру тірегі орнатылды. Ол электр қуатын үнемдеуге септігін тигізіп қана қоймай, электр желісі жоқ автомобиль жолдарының учаскелерінде қолданыла алады. 
"Алматы – Ташкент – Термез" жолы учаскесіндегі цемент-бетонның физикалы-механикалық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында "микрокремнезем" қоспасы қолданылған. Мұнымен қоса, Қазақстан жолдарында металлдан жасалған горфрирленген инновациялық құрылымдар орнатылуда. Жаңашылдық "Семей-Қайнар" және "РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы" жолдарының учаскелерінде сынақтан өткізіліп жатыр, - делінген ақпаратта.
"Нұр-Сұлтан –Теміртау" тасжолында плиталарды көтеру және топырақты нығайтудың Slab liftin технологиясы қолданылады. "Алматы-Қорғас" автомобиль жолы учаскесінің цемент-бетон жабындысы мен көпір құрылымдарды қорғау мақсатында Meadows Liqui-Hard сіңіру қоспасы қолданылады. 

Сонымен қатар, жаңашылдықтардың қатарында жолдың цемент-бетон жабындысына арналған тозудың Confixpave полимерлі қабаты бар. Ол "Нұр-Сұлтан – Шучинск" автомобиль жолының учаскесінде енгізілген. Бұл жол учаскесінде басқа инновациялық әдіс қолданылады. Ағынды-инъекциялық әдіс арқылы жолдың кедір-бұдырлы бетін ONYX өңдеуі жол жабындысының қызмет ету мерзімін қорғап, ұзарта түседі. Осы ретте жолдарды орташа және ағымды жөндеуге жұмсалатын қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тасжолдың учаскесінде жарық шағылыстыратын элементтері бар КД-3 типіндегі катафоталар қолданылады. 

"Көкшетау – Атбасар" жолының учаскесінде Acrosoil топырақты тұрақтандырғыш сынақтан өткізіліп жатыр. Ол автомобиль жолының негізін жайластыру үшін іс жүзінде кез келген топырақты қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, топырақтың NovoCretе тұрақтандырғыш қоспасы қолданылады. 
Жаңашылдықтар сынақтан сәтті өткен жағдайда, республикалық маңызы бар жолдардың басқа учаскелерінде қолданылатын болады.




Өзгелердің жаңалығы