Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смышляева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, жол қауіпсіздігі және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген және қоғамдағы қауіпсіздікке деген сұранысты ескереді.
Бүгінде қоғамда қауіпсіздікке деген тұрақты сұраныс бар. Жолда да, аулада да, цифрлық ортада да әр адам өзін қауіпсіз сезінгісі келеді, – деді депутат.
Заң жобасы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл үшін жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру, салаға заманауи цифрлық құралдарды енгізу және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті күшейту көзделген.
Құжат аясында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланады. Сонымен қатар автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, автомектептер үшін рұқсат беру тәртібін енгізу қарастырылған. Бұл үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға өзгерістер енгізіледі.
Жаңа талаптарға сәйкес, автомектептерде қажетті материалдық-техникалық база, оқу алаңдары, оқу көліктері, білікті оқытушылар болуы тиіс.
Сондай-ақ рұқсат алған оқу ұйымдарының мемлекеттік тізілімін құру ұсынылады. Бұл тізілім автомектептердің қызметін бақылауға мүмкіндік береді және оны жүргізу Ішкі істер министрлігіне жүктеледі, - деді депутат.
Бұдан бөлек, медициналық мәліметтердің жекелеген түрлерін Ішкі істер министрлігінің деректер базасына енгізу көзделіп отыр.
Заң жобасында жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты да арнайы нормалар қарастырылған. Бұл өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған конституциялық талаптарды іске асыру мақсатында енгізілмек.