Австрия жолын жаңғырту — ШҚО туризмін дамытудың кілті

21 Қараша 2020, 13:02
3835
Бөлісу:
Австрия жолын жаңғырту — ШҚО туризмін дамытудың кілті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО-да туризмді дамыту үшін 1914-1916 жылдары австрия-венгр тұтқындары салған ескі жолды қайтадан жөндеу керек. Бұл - шекаралық өңірді дамытудың кілті, деп жазды журналист Дарын Нұрсапар өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Неге? Шығыстағы шекара аудандарының ішіндегі ең иен жатқаны  - Марқакөл өңірі.  Оның иен қалу себептерін тізбелемей-ақ қояйық,  ұзақ әңгіме. Бірақ Марқакөлдің басқа аудандарды он орайтын өз артықшылықтары бар. Ең алдымен - табиғаты. Катонқарағайдан еш кем емес, екеуі де Алтайдың бір сілемінің арғы-бергі бетінде жатыр. Ал енді анау ешкім бармайтын,(нақтырақ айтсақ бара алмайтын) үлкен көл, ондағы еш жерде кездеспейтін ускуш балық, айта берсең көп, - дейді журналист

жол13.jpg

Қиын-керіш, Шекелмес сияқты мезозой кезеңінен қалған палеонтологиялық ескерткіштер де осы марқаға бара жатқан жолда емес пе. Ауылдың іргесіндегі шекара торы, арғы жағында ентелеп тұрған Қытай. Туристерге ол да қызық. Жаз бойы Білезік өзенінің бойында бие байлап отыратындардың қымызы қандай. Бірақ Марқакөл ауылынан көлге дейінгі  60-70 шақырым қашықтық қиын енді... Көлдің жағасында Ұранқай деген жұпыны ауылдан басқа түк жоқ. Келген адам судың жағасында  жарты сағат тұрып "еее күшті екен" деп суретке түсетін шығар, одан кейін не істейді? Қайтадан жолсызбен артқа қайтуы керек пе?, - дейді Дарын Нұрсапар.

жол14.jpg

Осы жерде саяхатшының алдында ең басты ұлы мақсаты жатуы керек, яғни фишка - үлкен Алтайды астындағы автомобилімен асып өту.  Ол - ескі австрия жолы. Марқакөлдің жағасынан шығып, Шыңғыстайдан бірақ түсетін ирек асу. Ұзындығы - 90 шақырым. Жол жоқ емес, бар. Осыдан 104 жыл бұрын салынған. Тек жөндеу керек оны. Тозығы жеткен 5 көпірді жаңартып, жолды сәл кеңейтіп асфальт төсеп тастаса шіркін. Мұны оқып біздің жол салушы мамандар күлуі де мүмкін. Алтайды асып өтетін таудың қия жолдарына асфальт төсеу мүмкін емес деп. 100 жыл бұрын осы жолды техникасыз, тендерсіз-ақ қайла-күрекпен еуропалық тұтқындар екі-ақ жылда салып шықты емес пе. Әне, ағаш көпірлері әлі тұр, - дейді журналист.

жол15.jpg

Швейцарияда бұдан да биік таудың қияларына асфальт төселмек түгілі, теміржол салынып, заманауи жүрдек пойыздар зулап жатқан жоқ па... Ал, жол салынды делік, бірақ одан не пайда дейсіз ғой. Егер бұл жол салынса, Үлкен Алтай шеңбері деп атауға болатын  ауқымды туристік автосаяхат маршруты пайда болар еді. Тек қана джип мінгендер емес, объемы 1.6 болса да астында автомобилі бар кез келген қазақстандық ойланбай жолға шығар еді. Қиын керішті көріп, Марқакөлге шомылып, балығын аулап, жаңартылған ескі австрия жолымен Алтай тауын асып өтіп,    Катонқарағайды аралап қайту қазақстандық саяхатшылардың қажылығына айналар еді, - деп жазды ол.

Алтайдың Катонқарағай жақ бетінде туризм қарқынды даму үстінде, ал Марқа беті иен қалып барады. Бұл маршрут арқылы екі жақ теңесері сөзсіз. Қытай шекара сызығына жақын ауылдарға аз да болсын қан жүгіріп, адам қарасы, қозғалыс көбейер еді.

Биылдан бастап шекаралық аудандарға мол ақша қарастырылған. 5 жылдық кешенді жоспарға барлығы 218 млрд теңге бөлініпті. Айдалаға аялдама қойып, 6 миллиондық дәретханалар орнатып, адам жүрмейтін жерге тротуар төсеп, ескерткіштер, фонтан, бәйтерек салғаннан пайда бар ма осы? Оданда Үлкен Алтай шеңбері маршрутын қолға алсақ қайтеді? Ол үшін Марқакөлден Катонқарағайға дейінгі 150 шақырымдай болатын ескі жолды арнайы туристік ыңғайға келтіріп, сапалы етіп салып тастаса болды. Басқа түктің де керегі жоқ.  Астана-Өскемен,  Алматы-Өскемен магистральдары да аяқталып келеді емес пе. Алтайды, Марқакөлді көріп, ирек жолмен үлкен тауды асып өткісі келетіндер сосын шығысқа ағылмағанда қайтеді. Осы айтайын дегенім. Сіз қалай ойлайсыз?, - деп жазды Дарын Нұрсапар.


Өзгелердің жаңалығы