Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі айдан бері Австралияда орман өртін ауыздықтау мүмкін болмай жатыр.
Елдегі барлық адам өрт сөндіруге атсалысып жатыр деуге болады. Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон өрт сөндіру үшін қосымша 3000 әскеридің жұмылдырылғанын айтты. Ал қорғаныс министрі Линда Рейнольдс ел үкіметі бұрын-соңды болмаған төтенше режимге көшкенін жеткізді.
Бұл біздің елдің тарихында болмаған өрт. Үкімет толықтай ерекше жағдайда жұмыс істеп жатыр. Мен мұндайды бұрын-соңды көрмеппін - деді Линда Рейнольдс.
Өрт жалынының биіктігі 12 метрден асқан.
Соңғы ақпараттарға сәйкес, орман өртінен жануарлардың 24 түрінің 500 миллион басы өлген. Оның 8000-нан астамы коала аюы.
Тілсіз жау Австралия орманының 5,5 миллион гектарын шарпыған.
Ел тұрғындарының 1400-ден астам баспанасы отқа оранды.
Ал өрттен шыққан улы-газды түтінен 10 миллионнан астам адам зардап шегіп жатыр.
Бүгінге дейін өрт салдарынан 24 адам қаза болған. Олардың үшеуі өрт сөндірушілер.
Орман өрті салдарынан елдің екі штаты Төтенше жағдайда жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар, Австралияның қазіргі сәтінен ғарыштық түсірілім жарияланды.
Орман өрті басталған соңғы екі айда алғаш рет жаңбыр жауды.