Авиация инженер-механигі – ерекше әскери мамандық

3 Желтоқсан 2022, 09:43
2033
Бөлісу:
Авиация инженер-механигі – ерекше әскери мамандық

Еліміздің төл әскерінде жауынгерлік даярлықтың деңгейін жоғары ұстауға ықпал ететін маңызды мамандықтар аз емес, солардың бірі авиациядағы инженер-механик маманы, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біздің кейіпкеріміз майор Қайрат Асқаров – Талдықорған авиабазасы эскадрилья командирінің инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары. Оның басшылығымен ұшақтардың ұшуын жүзеге асыру үшін техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ ұшқыштарды штаттан тыс жағдайларда әрекет етуге үйрету жүзеге асырылады.

Бала кезінде өзінің тұрған үйінің әуе кеңістігінен күніне бірнеше рет ұшақтардың ұшуын байқап, зіл темірдің аспанға қалай көтерілетіндігін зерттегісі келген Қайрат ұшаққа деген қызығушылығы оянып, әуе кемелері жайлы түрлі кітап журналдар оқып өзін қызықтырған әлемді біле бастаған. 

Мектеп бітірген соң арманның жүзеге асыру үшін Қайрат Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтқа түскен. Оқу орнын аяқтаған соң Талдықорғандағы 21751 әскери бөліміне ұшақтың аға технигі лауазымына тағайындалған. Осы лауазымда бес жылдай тәжірибе жинап, биыл мамырда авиациялық эскадрилья командирінің инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалған. 

Ұшақтың әуеге көтеріліп ұшуы және оның қауіпсіздігі біздің басты міндетіміз, – дейді Қайрат Асқаров.  – Күнделікті ұшудың алдында бір күн бұрын инженерлік-техникалық құрамы мен қамтамасыз ету бөлімшелері ұшақтардың ұшуларына дайындық өткізіп ондағы авиациялық жабдықтаулары мен қару-жарақ жүйелеріне тексеріс жүргізеді. Ал, дәл ұшу кезеңінің алдында жалпы тексеріс өткізіліп, одан кейін бақылау тексеріс жүргізіліп, содан кейін ғана ұшуға рұқсат беріледі, – деп қызметтің қыр-сырымен бөлісті маман. 

Жалпы бір ұшақты әуеге ұшыру үшін он шақты техникалық құрамның мамандары қызмет көрсетеді екен. Авиациялық мамандар ұшақты дұрыс дайындау үшін аптасына бір рет инженерлік техникалық дайындықтан өткізеді. Әскери бөлімде ұшқыштар СУ-30СМ аналогына тәріздес арнайы жаттығу кешені арқылы өздерінің түрлі жаттығуларын орындайды. 

Техникалық құрамы арнайы дайындықтардан өтеді және көбі арнайы оқу орындарын оқып, өздерінің білімдерін шыңдап, авиациялық техникалық қамтамасыз ету деген мамандықпен диплом алып шығады. Бұл мамандарды даярлайтын Ақтөбедегі әскери оқу орны. Ал, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер Алматы облысының Жетіген ауылындағы Жас авиациялық мамандарды дайындау курстарынан өтіп, оларға оқуларын аяқтағаннан кейін арнайы сертификаттар беріледі.   

Бұл мамандық – өте жоғары жауапкершілікті талап ететін мамандық, өйткені ұшақ әуеде бұзылса оны жөндеу мүмкін емес. Сондықтан ұшақ әуеге ұшпастан бұрын жерде жіті тексерілуі тиіс, – дейді ол.

Кейіпкеріміз әңгімесінің соңында көп ешкім біле бермейтін ұшқыштардың киімдерімен бұрыннан келе жатқан қызықты салт дәстүрлерімен бөлісе кетті. Яғни, ұшқыштардың киетін арнайы киімдері ұшқыштар стандартымен жасалатынын және онда түйме, ілгек болмауы шарт екенін сонымен қатар аяқ киімдері де арнайы ұшқыштарға арналып жасалатынын тілге тиек етті. Айтпақшы, ұшқыштар арасында ұшар алдында суретке түсуге, аэродром алаңынан гүлді жұлуға, туған (ұшқыш) күнінде ұшуға, әр айдың он үші жұма күні ұшуға болмайтын ырымдары да бар екен.

Өзгелердің жаңалығы