Ауызсу мәселесі. Текеліліктердің тілегі қашан орындалады?

13 Наурыз 2023, 17:24
1374
Бөлісу:
Ауызсу мәселесі. Текеліліктердің тілегі қашан орындалады?
Фото: ашық дереккөз

Текіліліктер қашан таза су ішеді? Жаза-жаза жауыр болған тақырыпқа қайта оралмасқа болмай тұр. Әкімнің уәдесіне тұрғындар үмітпен ғана емес, күдікпен де қарайды, деп хабарлайды Жетісу өңіріндегі BAQ.KZ тілшісі.

Жақсы сөз – жарым ырыс. Әуелі неге үмітпен қарайтынын айтайық. Жақында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев текеліліктермен кездескенде халықтың дені ауыз су мәселесін айтып әбігерге салған-ды. Өңір басшысының оған берген жауабы келесідей. 

«Былтыр 2 ауылда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. Биыл 16 елді мекенде су жүйелерін салу және қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл тізімге де моноқала кіреді», - деді Б.Исабаев. 

Жалпы, моноқаланың проблемасынан Мемлекет басшысы да хабардар. Демек істің дөңгеле жүзеге асатынына сенім мол. Бүгінде шағын шаһарда таза су тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қараңыз, былтыр республикалық бюджеттен 416,2 миллион теңге бөлінген. Сөйтіп, «КазЕвроСтрой» мердігерлік ұйымы қолданыстағы ұңғымалардан инженерлік желілердің құрылысын бастаған. Әйтсе де бұл қаржымен нәтиже күту қораздан жұмыртқа күткенмен бірдей шаруа болды. Енді су құбыры мен құрылысты толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 477,3 миллион теңге беріледі. Қазір 3,8 шақырым құбыр төсеу, көлемі 20 мың текше метр резервуарға топырақ әзірлеу жүргізілуде. 

Ауыз суды ашық су көзінен алып отырған ағайын көктемгі жаңбыр мен қарғын судың салдарынан Қора өзенінің суы қатты лайланатынын айтады. Қалада ауыз сумен қамтамасыз ету, сарқынды суларды қабылдау және тазарту саласындағы шаруашылықты жүргізетін жалғыз мекеме – «Текелі су құбыры». Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жазда ауыз суды суы тазалау Шажа өзеніндегі су жинағыштан тартады. Сөйтіп Қорадағы су тазарғанша халық Шажаның суын тұтынады. Жыл он екі ай неге Шажадағы су сорғысын пайдаланбасқа деген сұрақ көкейде жүрген. Оны да сұрадық. Біріншіден, Шажадағы су сорғы стансасы басқа кәсіпорынға тиесілі, екіншіден, ол жерде қысқы суықта жұмыс істеуге жағдай қарастырылмаған.

«Қала бойынша су құбыры желісінің ұзындығы – 156 шақырым. Оның көп бөлігінің тозығы жеткендіктен, жиі жарылып, жөндеу жүргізілгенде суды уақытша тоқтатып қоюға тура келеді. Алдағы уақытта жер астындағы су құбырларын байқауға, апатты жағдайларды дәл анықтауға мүмкіндік тумақ», - дейді мекеме мамандары.

Ауызсу мәселесі. Текеліліктердің тілегі қашан орындалады?

Біз қала тұрғындарынан осы мәселе жайында сұрастырған едік, бәрінің жауабы бір жерден шықты. Тіпті тұрғындар үйдегі су жылытатын құрылғыны жиі алмастырып тұратынын жеткізді. Күнделікті тұтынатын ауыз суды бірі сатып алса, ал бірі ит-құс келіп, шөл басатын бастаудан тасып ішеді. Айналасы да санитарлық талапқа сай емес.

 «Қаладағы ел тұтынып отырған су өте нашар. Кішкентай балаларымыздың беті-қолын жуа алмаймыз. Су тазалайтын фильтрді айына алмастырып тұрмасақ болмайды. Іші жиі-жиі құмға, тас-қоқымға толып қалады. Кейде дүкеннен күніне 5 литр су сатып аламыз. Сонымен жуынамыз, артылғанына кір жуамыз. Кейде бастауға алтыдан кейін келіп, кезекке тұрамыз. 1 сағаттай кезекте тұрып, әрең су алып кетеміз. Қолымызды тастай суға салып, неше түрлі шөлмекпен әупірімдеп су аламыз», - дейді қала тұрғыны Анастасия Кромер.

     Тіпті кейбір адамдар жаңбыр жауғанда ауыз судың ішінен шылаушын шығатынына шағымданды.

 «Кез келгенін тоқтатып сұрасаңыз, осы судың мәселесін айтады. Текелі туристік қала дегенімізбен, жолы мен суынан адам шошиды. Жаңбыр жауған күні жерге шылаушын қаптайды. Олар өзенмен бірге үйге де еріп келеді. Таза суды жан-жақтан тасуға мәжбүрміз. Балаларымыз ішер су таза болмағандықтан мұнда келгісі келмейді. Әкімге талай мәрте айттық та, жаздық та, әне-міне істейміз деп әлі сағызша созып жүр. Краннан аққан ауыз су мүлде ішуге жарамсыз. Оны ішу былай тұрсын, жаңбырлы күні киім жуа алмаймыз. Қазір тек, дәретханаға пайдаланғанымыз үшін ақша төлеп отырмыз», - дейді қала тұрғыны Ләйлә Кәрібаева.

Ауызсу мәселесі. Текеліліктердің тілегі қашан орындалады?

Ежелден Текелі жұрты суды Қора мен Шажа өзенінен пайдаланып келеді. Кеңес уақытында суға үлкен коагуляциясы жасалған екен. Яки химиялық-коагулянттық реагенттерді қолдану арқылы суды мөлдір әрі таза күйінде шығарды. Бұл аппарат бүгінде өте қымбат тұрады.

 Ал, енді жұрттың неге күдікпен қарайтынын айтайық.

Бұған дейін Алматы облысы екіге бөлінбей тұрып, осы ауыз су мәселесі жылда көтерілетін. Бірақ, шешімін тапқан бір де бір әкім болған жоқ. Халық шұрық-тесік жолды жөндемесе де, ішер суының таза болуын тілеген еді. Жұрт жаңайқайын баспасөз беттеріне талай жазды да, айтты да. Әйтсе де, баяғы жартас сол жартас. Мәселен, бұрынғы шаһар басшысы былтыр мамыр айында таза су берілетінін жеткізген. Дегенмен мұндай құрғақ уәдеге халық тойған. Сондықтан істің соңы ойдағыдай аяқталса екен дейді.

«Текелі табиғатымен таңдай қақтыратын мекен ғой. Өзені де өндіріс орындары да жетерлік. Бірақ ауыз су мәселесі әлі сиырқұйымшақтанып келеді. Үлкен өндіріс орындары орналасқан жерлерде жер қойнауын пайдалану ісінің әсерінен жерасты суының ластанатыны даусыз. Әйтсе де бір шешімі болу керек қой. Халықтың жылда айтатыны су мәселесі, ал әкімдер келесі жылы реттейміз деумен келеді. Одан бері бірнеше жыл өтті. Әділетті Қазақстанда бір әділетті іс болса игі», - дейді қала тұрғыны Қанатбек Досымбек.

Ендігі уайым бөлінген қаржы халықтың пайдасына жұмсалса деген ниет. Биыл текеліліктер таза су ішеміз деген сенімде. Біз де соған иланып отырмыз.

Өзгелердің жаңалығы