ШҚО-да «Құтты мекен» жобасы аясында ауыл халқының 85,5% ауызсумен қамтылмақ

18 Сәуір 2019, 08:35
3012
Бөлісу:
ШҚО-да «Құтты мекен» жобасы аясында ауыл халқының 85,5% ауызсумен қамтылмақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанның аудан, қала әкімдіктері «Құтты мекен» жобасы аясында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды қажет ететін елді мекендер тізімін актуалдап жатыр. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов хабарлады.

«Орталық атқарушы органдармен бірлесе отырып, облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды орташа жөндеуден өткізуге 1,5-2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылуда. Сонымен қатар 300 шақырымдық облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу, 2025 жылға дейін жақсы және қанағаттанарлық деңгейде тұрған жолдардың үлесін 95% жеткізу мәселесі шешілуде. Төрт ай бұрын Семей қаласындағы әуежай қолданысқа берілген болатын. Биыл Өскемен қаласындағы әуежай қайта жаңғыртылып, Үржар ауылындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы қайта жөндеуден өтеді», - деді Әнуарбек Мұхтарханов.

Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамту жүйесін дамыту жобаларын іске асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, 2019 жылы 60 жоба, 2020-2025 жылдары аралығында 217 жобаны іске асыру межеленген. Бұл өз кезегінде 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының орталықтандырылған ауызсумен қамтылуын 85,5% жеткізбек.

«Құтты мекен» жобасы аясында өңірдің оңтүстік аудандарын газбен қамту да жоспарланған. Осы жұмыстар аясында Зайсан ауданының 8, Тарбағатай ауданының 24 елді мекеніне газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілетін болады. Осылайша, 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының орталықтандырылған газ құбырларына деген қолжетімділігін 5,8% жеткізу көзделіп отыр», - деп қосты Әнуарбек Мұхтарханов.


Өзгелердің жаңалығы