Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды.
Осыған байланысты еліміздегі шеттен келетін қандастарымызға байланысты кез келген мәселеде өзінің азаматтық пікірін білдіріп, тіпті кейбір заңдардың өзгеруіне тікелей араласып жүрген ақын, Қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибекті әңгімеге тартқан едік.
- Президент қол қойған заңның елімізге, қандастарымызға тиімді болуына тілектеспіз. Ал өзіңіз осы жұмыстың басы-қасында жүрген маман ретінде Заңнамадағы қандай жаңалықты атап өтер едіңіз?
- Ең басты жаңалық деп "Оралман" атауының "Қандас" деп өзгертілуін мақтанышпен атап өтер едім.
Өзіңіз жақсы білесіз, "Оралман" сөзі 1997 жылы "Халықтың көші-қоны туралы" заңы қабылданғанда қолданысқа енген болатын. Содан бері 23 жыл өтіпті, бұл атауды жұрт қабылдай алмай келді. Бұл атау алыстан келген ағайын мен жергілікті халықты жақындатудың орнына, бөлектеп тұрды. 2017 жылы аталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенде де өзгертуге әрекет жасағамыз. Бірақ, ол ұсынысымыз сәтсіз аяқталып еді.
Міне, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бұл атау "Қандас" болып өзгерді. Тіпті, Мәжіліс "Бауырлас" деген сөзді қабылдап жіберген жерінен Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі араласып, "Қандас" сөзін қайта ұсынды.
Бұл – дәуірбөлгіш оқиға болды.
Міне, халық өте жылы қабылдап, қолданысқа енді де кетті. Мойнымыздан ажырғымыз алынғандай күйге бөленіп, рахаттанып қалдық.
Сол үшін, шеттен келген ағайындардың өкілі ретінде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына рахмет айтам.
Мен бұл өзгерісті – Қазақ көшінің екінші "Алтын дәуірінің" басталғаны деп бағалаймын.
- Құтты болсын! Көш-қон процестерін реттеуге арналған тағы қандай жаңалықтар бар?
- "Халықтың көші-қоны туралы" заңының 1-бабындағы "Қандас" деген ұғымға берілген анықтамада "...Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған..." деген сөйлем бар.
"Қандас" мәртебесін аларда, ағайындар егемендіктен бұрын Қазақстаннан тыс жерде тұрғанын дәлелдеу үшін анықтама әкелуі керек.
Осы жолы осы сөйлемді алдырып тастадық.
Аталған заңның тағы 49-бабының 13) және 14-1) тармақшаларының нормалары этникалық қазақтар мен қандастарымызға қолданылмайтын болады.
Бұл өзгерістің пайдасы, қандастарымыз әкімшілік құқықбұзғаны үшін жазаға тартылған жағдайда, оларға келген еліне қайтарып жіберу жазасы қолданылмайды.
Әкімшілік құқықбұзу жазасына тартылған азамат бұрынғыдай бір жыл бойы тұрақты тіркеуе тұра алмай және азаматтыққа құжат өткізе алмай жүретін жағдай енді болмайды.
Сондай-ақ, тұрақты тіркеуге тұрған азаматтар шет елде 183 күннен артық тұрып қалса да "Ықтиярхаты" жойылмайды.
Айыппұл төлейді де ары қарай құжаттана береді.
Тағы бір жақсы жаңалық, аталған Заңының 21-бабына қатысты.
Енді "Қандас" мәртебесінің мерзімін өткізіп алған қандастарымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған (тіркеу) тәртіппен алу мақсатында "Қандас" куәлігінің мерзімін және бір мәрте ұзартып алуға мүмкіндігі бар. Бұрынғыдай алты аймен шектелмейді.
Айта берсек, жаңалықтар көп. Бұрынғы заң бойынша көшіп келген ағайын тұрақты тіркеу мен азаматтыққа бөлек-бөлек екі рет құжат өткізсе, енді жаңа заңға сай екеуін бір мезгілде тапсыратын болады...
Мұның бәрі қандастарымыздың тез құжаттануына кең жол ашады.
- Сіздің "Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы" Заңы мен "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына қатысты БАҚ-тан "Ашық хатыңызды" көзіміз шалып қалды...
- Иә, аталған екі заңда сәйкессіздіктердің бар екені рас.
Бірақ, бірден кесіп айтайын, бұл сәйкессіздіктер қандастарымыздың Атажұртына көшіп келуіне, тұрақты тіркеуге тұруына, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына ешқандай кедергі болмайды. Аталған Заңға келесі рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілген кезде бұл мәселе сөзсіз шешіледі деп сенем. Және ол көпке бармай, жақын арада қаралады.
- Президент бірнеше рет шеттегі қазақтарды Атажұртқа әкелу жайын айтты. Өзіңіз де "қазақ көшінің екінші толқыны басталады" деп отырсыз. Аталған заң сол үддеден шыға ала ма?
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз" - деді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты тұңғыш Жолдауында "Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс" - деп, тапсырма берді.
Мінсіз заң ешқашан болмайды. Заң уақыт талабына сай өзгеріп, толықтырылып тұрады. Құдайға шүкір, көш-қон процестерін реттеуге қатысты заңнамалар кемелденіп келеді. Енді осы заңдардың атқарылуын мемлекеттік емес ұйымдар мен азаматтық қауым да бақылап отыруы тиіс.
Бұған дейінгі отыз жылда алыс-жақын шетелдерден бір миллион қандасымыз көшіп келсе, біз енді әр бес жылда бір миллион қазақты көшіріп әкелуіміз керек!
Біз енді осы бағытта жұмыс істейміз. Бұдан бұлай аялдайтын, кідіретін уақыт жоқ. Кешігеміз! Кешіктік те! Арқаны кеңге салып жүре берсек, "Қасиетті парызды" қашан орындаймыз?!