Ауыл шаруашылығы министрі өсім көрсеткен өңірлерді атады

12 Қаңтар 2021, 13:15
1539
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы министрі өсім көрсеткен өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бір жылда 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Оның айтуынша, негізгі өсім – өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,8%-ға, яғни 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Еліміздің 5 облысы: Қостанай (шамамен 121%), Ақмола (шамамен 113%), Павлодар (107,5%), Ақтөбе (106,7%) және Қарағанды (105,7%) жоғары өсу қарқынын көрсетті.

Агроөнеркәсіптік сектор көрсеткіштерінің тұрақты өсуі негізінен фермерлердің үйлесімді жұмысының және Үкіметтің COVID-19 пандемиясы жағдайында егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кедергісіз қозғалысын, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, тұқымдар, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жедел жеткізуді қамтыған жұмыс алгоритмін уақтылы қабылдауының арқасында қамтамасыз етілді. Нәтижесінде егіс сапалы және оңтайлы аграрлық мерзімде жүргізілді, - деп атап өтті С.Омаров.

Отырыста келтірілген мәліметтерге сүйенсек,  мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3%-ға артып, 2,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте тірі салмақта ет өндіру көлемі 4,1%-ға, сүт өндіру көлемі 3,2%-ға өскені байқалады. Шикізатты қайта өңдеу саласы да оң динамиканы көрсетті. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі өткен жылдың 12 айында 4%-ға өсіп, 1,9 трлн. теңгені құрады.

Сары майды 26,5%-ға, өңделген күріш – 20,1%-ға, шұжық өнімдері – 8,2%-ға, макарон өнімдері – 6,3%-ға, өңделген сүт – 4,9%-ға, сүт өнімдері – 4,8%-ға, ірімшік және сүзбе – 4,5%-ға, ұн – 1,6%-ға артық өндіріле бастады.

2020 жылдың 12 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар 15%-ға ұлғайып, 573,2 млрд. теңгені құрады. Азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталына инвестициялар 13,5%-ға артып, 104 млрд теңгеге жетті.

Өзгелердің жаңалығы