Ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін 7 ірі экожүйе құрылады

12 Ақпан 2021, 11:53
2822
Бөлісу:
Ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін 7 ірі экожүйе құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Мәжілісте онлайн режимде өтіп жатқан Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында айтты.

Ауылдың әлеуетін арттыру, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында ауылшаруашылығы мен ауыл инфрақұрылымын дамыту бойынша практикалық шаралар кешені іске асырылатын болады, - деді Асқар Мамин.

Сондай-ақ, премьер-министр баяндағандай, стратегиялық инвесторлардың қатысуымен 350 мың фермерлер мен үй шаруашылықтарын тарта отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және қайта өңдеу үшін 7 ірі экожүйе құрылады.

«Ұлттық тауар өткізу жүйесін» қалыптастыру мақсатында 2021-2025 жылдар кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату бойынша 24 көтерме-тарату орталығы салынатын болады, - деп атап өтті Үкімет басшысы фракцияның кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар, АӨК өнімдері экспортының көлемі 2 есеге ұлғаяды.

Әрбір ауылға дейінгі жергілікті жолдардың 95%-ы жөнделетін болады. 2025 жылға қарай барлық қала мен ауыл сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады, - дейді ол.

Айта кетейік, Мәжілісте Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы