Ауылшаруашылық техникасын қайта өңдейтін кластер құру жоспарлануда

30 Наурыз 2020, 18:55
2446
Бөлісу:
Ауылшаруашылық техникасын қайта өңдейтін кластер  құру жоспарлануда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда тозығы жеткен ауылшарушылық техникасын қайта өңдейтін зауыт салу қарастырылуда.

Бұл туралы ӨКМ операторының баспасөз қызметі хабарлады. 

ӨКМ Операторы компаниясының басшысы Медет Құмарғалиев ескірген ауылшарушылық техникасын қайта өңдеу кластерін құру жөніндегі жобаны Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мәминге ұсынды.

Ұсынылған кешенде ауылшаруашылық техникасын, жеңіл және жүк көліктерін қайта өңдейтін шредерлік құрылғы қарастырылған. Алдын ала келісілген ауқымды жоба Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан қолдау тауып отыр. Зауыт қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласындағы барлық заманауи стандартқа сай келетін болады. Сонымен қатар, кластерге көлік құралындағы пластик қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорын, ескі шина мен пайдаланылған майды өңдеуші, одан жанармай алатын кәсіпорын және істен шыққан электронды техникаларды жинайтын, кәдеге жарататын кәсіпорындар кіруі мүмкін. Бұл жобадағы кластерлік тәсілді қолдану қалдықты қайта өңдеу саласын дамытуға оң ықпал етеді. Сонымен қатар 300-350 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Алдын ала жүргізілген есеп бойынша қалдықты қайта өңдейтін кластерді құруға шамамен 3,2 млрд теңге қаражат тарту керек. Жобаны жүзеге асыру үшін инвестициялық ұсыныстар бойынша байқау өткізіледі.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қолдауымен "Қостанай" индустриалды аймағында зауыт құрылысын салуға 4 гектар жер белгіленді. Осы жылы кластерлік жобаның аумағын жасау мүмкіндігі қарастырылған. 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлынып отыр. Яғни, кластерге қажетті монтаждау құрылғылары мен сатып алу шаралары қолға адынады.

Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 145 мың трактор және 38 мыңға жуық комбайн тіркелген. Орташа есеппен тозығы жеткен ауылшаруашылық техникасының үлесі 76% құрайды. 2019 жылдан бастап істен шыққан ауылшаруашылық техникасын тапсыру арқыл 1.5-нан 3 млн теңгеге дейінгі жеңілдік сертификатымен су жаңа отандық тракторды немесе комбайнды сатып алу мүмкіндігі енгізілді. Қазіргі уақытта істен шыққан жеңіл және жолаушылар көлігін қайта өңдеу Қарағандыдағы "RecyclingCompany" ЖШС зауытында жүзеге асырылып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы