Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Егер дәрігер ауылға барып жұмыс істейтін болса, онда оны ынталандыру үшін 100 ең төменгі жалақы көлемінде беріледі (ең төменгі жалақы – 85 мың теңге), - деді депутат.
Оның сөзінше, бұл бір рет берілетін қаржы.
AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында біз сайлаушыларға енді ауылға баратын мамандарға, жас дәрігерлерге бір мезгілдік көтерме ақы береміз деп айтқан болатынбыз. Біз қазіргі уақытта өзіміздің берген уәдемізді орындадық. Заң жобасы қабылданды. Медицина саласы бойынша ауылға барған жас маман бір дегенде 100 ең төменгі жалақы аясында көтерме ақы алады. Ауылға барғанда ынталандыратын «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламалардан бөлек осындай көтерме ақы төленеді. Яғни, ауылдағы медицинаны дамытып, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін 9 млн теңгеге жуық көтерме ақы төленеді. Жаңадан ауылға келген маман үшін 9 млн теңге беру өте жақсы қолдау деп білеміз. Әрине, ол үшін жас мамандар барған ауылында 5 жыл жұмыс істеуі керек, - деді Аймағамбетов.
Оған қоса депутат көтерме ақы ең төмен жалақы көрсеткіші бойынша неге есептелгенін де түсіндіріп өтті.
Ең төменгі жалақы - 85 мың теңге. Жыл сайын ол көтеріліп отыр. Осыған дейін оның көлемі 65 мың болған. Демек, 1-2 жылдан кейін дәрігерлердің алатын көмегі шарықтап кетеді. Сондықтан «AMANAT» партиясы өз уәдесін толық орындады деп айтуға болады. Бұл ауылдық жердегі дәрігер мамандардың тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізуі керек, - деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, дәрігерлерге 3,7 млн теңгеден берілетіні туралы жазған едік.