Ауылдық жерлерде мемқызметті алуға болатын цифрлық бұрыш құрылады

4 Мамыр 2022, 11:08
1214
Бөлісу:
Ауылдық жерлерде мемқызметті алуға болатын цифрлық бұрыш құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауылдық жерлерде мемқызметті алуға болатын цифрлық бұрыш құрылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

Цифрлық даму басшысы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір азамат үшін цифрлық сервистер мен қызметтер қолжетімді болуы тиіс. Бұл үшін заң жобасында Ұлттық пошта операторының пошта желісі негізінде ауылдық елді-мекендерде мемлекеттік қызметтерге қолжетімділіктің цифрлық нүктелерін (бұрыштарын) құру ұсынылады, - деді Мусин.

Министрдің айтуынша, Қазпоштаның екі мыңға жуық ауылдық бөлімшелерінде цифрлық қолжетімділік нүктелерін ашу жоспарланып отыр. Осы электрондық бұрыштарда халық қызметтер алып, мемлекеттік органдарға электронды өтініштер жолдай алады.

Мемлекеттік басқару салаларын цифрландыру шеңберінде жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөніндегі аукциондарды электрондық форматқа көшіру, сондай-ақ оны өткізу процесін оңтайландыру, рұқсаттардың жекелеген санаттарын беру алгоритімін автоматтандыру арқылы адами факторды алып тастау ұсынылады, - деп толықтырды Бағдат Мусин.

Инновацияларды ынталандыру мақсатында заң жобасында инновацияларды жіктеу бойынша ережелер (процестік және өнімділікті) мен технологиялық кәсіпкерлік ұғымын енгізу көзделген.

Өзгелердің жаңалығы