Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Президенттің 2020 жылғы 18 шілдеде коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында берген тапсырмасы орындалды.
Мемлекет басшысы Үкіметке өңірлермен бірлесіп, қысқа мерзімде ауыл халқын коронавирустық инфекцияның диагностикасы мен емдеуімен, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Соған орай, мына мәліметтерді жеткізгім келеді. КВИ және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін ауылда 639 инфекциялық төсек бар. Ауыл тұрғындарын тестілеумен қамту барлық өңірлерде жүзеге асырылады. Ауылда дәрігер кадрлармен жасақталуы жалпы дәрігерлер санының 74,97%-ын, орта медицина қызметкерлерімен жасақталуы жалпы ОМҚ санының 87,02%-ын құрайды, - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр ауылдық жерлерде тұратындарға көрсетілетін диагностикалық қызмет үшін қанша медициналық кешен берілгенін айтты.
Ауыл тұрғындарына диагностикалық қызметтердің кең спектрін ұсыну үшін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмылдырылды. Ауылда үйде кешенді қызмет көрсететін 781 мобильді бригада жұмыс істейді, - дейді Ажар Ғиният.