Ауылдық жерлерде 350 мыңнан аса жұмыс орны құрылады - Смайылов

1 Маусым 2023, 15:06
673
Бөлісу:
Ауылдық жерлерде 350 мыңнан аса жұмыс орны құрылады - Смайылов
Фото: BAQ.KZ Архив

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында жазған, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Депуттар Смайыловқа Солтүстік өңірде еңбекке қабілетті халықтың азаюы және халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде жұмыссыздықтың жоғары деңгейі демографиялық теңгерімсіздік қана тудырмай, әлеуметтік-экономикалық проблемаға алып келеді. Одан бөлек елдің қауіпсіздік мәселесіне де тікелей әсер етеді деп сауал жолдаған болатын.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы қабылданды.

Тұжырымдаманың бір бағыты – жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті теңестіру үшін қазақстандықтардың ішкі ұтқырлығын ынталандыру, сондай-ақ трансферт арқылы жұмыс орындарын құру және бизнес-жобаларды солтүстік өңірлерде кеңейту, - деді Премьер-министр.

Оның атап өтуінше, осы жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін қосымша 18 мың жұмыс орындарын құру арқылы 17 мыңнан аса шағын кредит беру үшін 100 млрд теңге (7 жылға 2,5%), оның ішінде солтүстік өңірлерде 10,6 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген.

Жалпы 7 жыл ішінде ауылдық жерлерде 350 мыңнан аса сапалы жұмыс орындары құрылады. Олардың көбі солтүстік өңірлерде ашылады, бұл қоныс аударушылар үшін аталған өңірлердің тартымдылығын көтереді. Биыл зәкірлік өндірістік-инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 100 млрд теңге қаражат бөлініп, 65-тен аса тауарлық-сүт фермаларының, оның ішінде солтүстік өңірлерде жұмыс күші артық өңірлерден мамандарды тарта отырып, 2 мыңдай жаңа жұмыс орындарын құру арқылы 45 ТСФ құрылысы жоспарланған, - деді ол.

2022 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жол картасы шеңберінде 270 инвестициялық жоба үшін 241 млрд теңге, оның ішінде 2026 жылға дейін солтүстік өңірлерде 20,2 мың жұмыс орны құрылатын 1,3 трлн теңгеге 530 жоба арастырылған.

Жұмыспен қамтудың өңірлік карталарында 2023 жылы 947,8 мың адамды, оның ішінде ұлттық жобалар аясында 249 мың адамды, бос жұмыс орындарына 320 мың адамды, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 342 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген.Қазіргі уақытта 315,7 мың адам, оның ішінде 139,9 мың адам ұлттық жобалар аясында, 82,3 мың адам бос жұмыс орындарына және 93,5 мың адам. Мемлекет басшысының бастамасы аясында жұмысқа орналасты, - делінген жауапта.

Өзгелердің жаңалығы