Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ауылдан шыққан бренд: Қазақстанда ет пен сүт өндірісін кімдер дамытып жатыр?

Аида БАТУХАН
Бүгiн, 12:37
109
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
PHOTO
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда ет пен сүт өндірісі соңғы жылдары тек ішкі нарықты қамтамасыз етумен шектелмей, экспортқа бағытталған салалардың біріне айналып келеді. Мемлекеттік қолдау, өндірістік қуаттың артуы және кәсіпкерлердің жаңа көзқарасы ауыл шаруашылығында бренд қалыптастыру мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Алайда саладағы нақты ахуал көрсеткендей, өнім көлемін арттыру – бір бөлек, ал оны тұрақты нарыққа айналдыру – мүлде өзге мәселе. BAQ.KZ тілшісі саладағы ахуал мен бренд қалыптастыру жолындағы кедергілерді саралап көрді.

Экспорт өсіп келеді, бірақ шектеулер бар

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі BAQ.KZ агенттігінің жолдаған сауалына берген ресми жауабына сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстаннан экспортталған барлық түрдегі ет көлемі 91,2 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24 пайызға жоғары.

Негізгі экспорт бағыттары да айқын:

  • қой және сиыр еті – Өзбекстанға;
  • сиыр еті – Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай, БАӘ нарығына;
  • қой еті – Парсы шығанағы елдеріне (БАӘ, Катар, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы);
  • құс еті – Ресей мен Қырғызстанға, сондай-ақ Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Гонконг, Беларусь және Катарға жөнелтіледі.

Сүт экспорты да бар, бірақ көлемі айтарлықтай төмен.

2025 жылдың 11 айында сыртқа 4,8 мың тонна сүт өнімі шығарылған. Оның басым бөлігі Ресейге тиесілі, - деп мәлімдейді министрлік.

Сонымен қатар, салада экспорттық квоталар мен уақытша шектеулер бизнеске елеулі салмақ салып отыр. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашық мәлімдеді.

Палата бағалауынша, шектеулер келісімшарттардың бұзылуына, қоймалардың толып кетуіне, өнімнің бүлінуіне, кей кәсіпорындардың өндірісті уақытша тоқтатуына әкеліп отыр, - дейді өкілдік.

Өндіріс бар, әлеует жеткілікті

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстанда 318 мың тонна сиыр еті өндірілген. Ішкі нарықты қамтамасыз ету деңгейі 105,6% болып отыр. Бұл – елде тапшылық қаупі жоқ екенін көрсететін көрсеткіш.

Өндірістің негізгі ошақтары Алматы, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары болып отыр.

Ал сүт өндірісі бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.

2025 жылы өңірде 474 мың тонна сүт өндірілген. Дегенмен өндірістің өзі бар болғанымен, өнімді қайта өңдеу мен брендке айналдыру барлық жерде бірдей жолға қойылмаған.

Ет өндірісіндегі шынайы қиындық: нарық

Абай облысы Ақсуат ауданында орналасқан “Мәуліт” шаруа қожалығы – ет бағытындағы ірі шаруашылықтардың бірі. Қожалықта 1000 бастан астам қазақтың ақбас ірі қарасы, 1500-ден аса қазақтың жабы тұқымды жылқысы, 1000-нан астам асыл тұқымды қой бар.

Қожалық жетекшісі Қайырлы Қасеновтің айтуынша, негізгі мәселе – өндірісте емес, өткізу нарығында.

Мал бар, бордақылау алаңы бар. Бірақ экспортқа шығатын жол жабық. Квота жоқ, шекаралық шектеулер бар. Бұл тек бізге емес, көп шаруашылыққа ортақ жағдай, - дейді ол.

Ауылдан шыққан бренд: Қазақстанда ет пен сүт өндірісін кімдер дамытып жатыр?
Фото: “Мәуліт” шаруа қожалығы 

Кәсіпкердің есебінше, бір малды күтіп-бағуға күніне орта есеппен 1300 теңге кетеді. Ал нарықтағы ет бағасы 3000-3500 теңге деңгейінде. Бұл шаруалар үшін аса тиімді емес.

Ет өндірісінде бренд қалыптастыру үшін тек жақсы мал өсіру аздық етеді. Ең бастысы – өнімді үздіксіз, жоғары бағада өткізе алатын жүйе қажет, - дейді Қасенов.

Ауылдан шыққан бренд: Қазақстанда ет пен сүт өндірісін кімдер дамытып жатыр?
Фото: “Мәуліт” шаруа қожалығы 

Сүт саласында бренд жасау оңайырақ

Сүт өндірісінде жағдай біршама өзгеше. Егер өңдеу зауыты болса, бренд қалыптастыру әлдеқайда жеңіл. Бұған Шымкент қаласындағы “Бөрте-Милка” компаниясының тәжірибесі дәлел.

Кәсіпорын 2016 жылы құрылып, Венгриядан әкелінген 400 бас гольдштейн-фриз тұқымды сиырмен жұмысын бастаған. Қазір фермада 1500-ден астам ірі қара бар, ал тәуліктік сауым 19-20 тоннаға жеткен.

Ауылдан шыққан бренд: Қазақстанда ет пен сүт өндірісін кімдер дамытып жатыр?
Фото: “Бөрте-Милка” компаниясы

Компания басшысы Бөкейхан Нұралыұлының айтуынша, өндірістің басты ерекшелігі – толық автоматтандыру.

Сиырды роботтар сауады, жем-шөпті де роботтар береді. Бұл еңбек шығынын азайтып, өнім сапасын бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Ауылдан шыққан бренд: Қазақстанда ет пен сүт өндірісін кімдер дамытып жатыр?
Фото: “Бөрте-Милка” компаниясы

Бүгінде “Бөрте-Милка” брендімен 20-дан астам өнім түрі – йогурт, май, сыр, құрт және өзге де ұлттық өнімдер нарыққа шығып отыр. Өнімдер Шымкент пен Түркістан, Қызылорда облыстарындағы дүкендерге тұрақты жеткізіледі.

2026 жылға мемлекеттен қандай қолдау беріледі?

2025 жылы мал шаруашылығын дамытуға 87,4 млрд теңге, ал 2026 жылға 115,6 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар:

  • 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді кредит,
  • 5% мөлшерлемемен айналым қаражатына жеңілдетілген қаржы,
  • шалғайдағы шаруашылықтарға арналған бірыңғай кредиттік өнім енгізу жоспарланған.

Дегенмен бизнес өкілдері қолдаумен қатар, нарықтық әрі теңгерімді реттеу тетіктерін жетілдіру қажет екенін алға тартады.

Қорыта айтқанда, елімізде ет пен сүт өндірісін дамытып жүрген кәсіпкерлердің мақсаты – тек мал басын көбейту емес, тұрақты жүйе мен бәсекеге қабілетті бренд қалыптастыру.

Абай облысындағы “Мәуліт” қожалығы өндірістік әлеуетімен ерекшеленсе, Шымкенттегі “Бөрте-Милка” өңдеу мен автоматтандыру арқылы брендке айналып отыр. Екеуінің жолы бөлек болғанымен, түпкі нәтиже бір – ауылда да заманауи, экспортқа бағытталған өндіріс қалыптасып келеді.

Өзгелердің жаңалығы