Ауылдағы су құбырлары бірнеше жылдан кейін істен шығуы мүмкін - сенатор

23 Ақпан 2023, 17:12
909
Бөлісу:
Ауылдағы су құбырлары бірнеше жылдан кейін істен шығуы мүмкін - сенатор
Фото: BAQ.KZ

Бұл туралы сенатор Ернұр Айткенов Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатор Ернұр Әйткенов еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында су құбырларына қызмет көрсету мәселелерін көтерді. 

Айтуынша, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы мәнін жойып, ақша жоғалады, ал адамдар тазартылмаған су ішуге мәжбүр болады. Ауылды сумен жабдықтау жүйесі мен су құбырларының құрылысына қарамастан, проблемалық мәселелердің бірі – оларға қызмет көрсету бойынша мамандандырылған кәсіпорындардың жоқтығы. Сондай-ақ іс жүзінде салынған су құбырлары әкімдіктердің есебінде қалуы мен білікті мамандар мен мамандандырылған техникасы жоқ салаға қатысты емес кәсіпорындарға берілетіні туралы атап өтті.

603 ауылда сумен жабдықтау желісіне тән емес саладағы кәсіпорындар қызмет көрсетеді немесе су құбырлары әкімдіктердің қарамағында болады. Дұрыс емес және сапасыз техникалық қызмет көрсетудің салдарынан мембраналық суды тазарту жабдықтары үнемі істен шығады және сынып қалады. Бұл – суды тазарту жүйесінің толық құруына алып келеді. Мұндай қызмет көрсетуден кейін осы су құбырлары бірнеше жылда толығымен істен шығатын болады. Нәтижесінде тазартылған судың орнына халық қайтадан тазартылмаған су ішеді. Яғни, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы өз мәнін жоғалтады және бөлінген бюджет қаржысы бостан бос жойылып кетеді, - деді депутат Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Белгілі болғандай, елдегі ауыз сумен жабдықтау мәселелеріне екі түрлі министрлік жауап береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – елді мекендердің ішінде, ал одан тыс жерлерде – Экология министрлігіне тиесілі. Депутаттың ұсынысы – бұл функцияларды бір мемлекеттік органда шоғырландыру болып отыр.

Басқаруды ұтымды ету үшін сумен жабдықтау және су әкету жөніндегі функцияларды бір мемлекеттік органда шоғырландыру мәселесін шешу, сондай-ақ республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын желілер мен жергілікті су құбырларына қызмет көрсету жөніндегі республикалық деңгейде бірыңғай оператор құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Өйткені таза су – ең алдымен халықтың денсаулығы, - деді Ернұр Айткенов.

Өзгелердің жаңалығы