Ауылда жалақы қалаға қарағанда 30%-ға төмен. Депутат ұсыныс айтты

16 Қазан 2024, 13:15
368
Бөлісу:
Ауылда жалақы қалаға қарағанда 30%-ға төмен. Депутат ұсыныс айтты
Фото: Арман Мухатов - Архив

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ауылдағы ағайынның жағдайын айтып, бірқатар ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Ауылдағы ағайынның орташа жалақысы қала тұрғындарының жалақысына қарағанда 30%-дан астам төмен. Белең алған қымбатшылық пен жұмыссыздықтың да салдарын көбірек тартып отырған осы ауыл жұртшылығы, - деп, депутат осы мәселені шешу үшін “Ауыл аманаты” жобасы қолға алынғанын айтты.

Жоба бойынша былтыр 100 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 100 млрд теңге бөліну жоспарланған болатын. Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. Мұны қалай түсінуге болады? Үкіметқұраушы АМАНАТ партиясының тікелей бақылауында тұрған жобаның сылбыр орындалуының себебі неде? – деп айтты Бейсенбаев.

Оның ойынша, жобаның нәтижелі атқарылуында бірқатар түйткілді мәселе бар.

Біріншіден, Үкіметтің өз ведомостволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болып отыр. Өңір әкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тәуекелге барудан бас тартып отыр. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада әрбір облыс, аудан әкімдері тартынып қалмауы тиіс. Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбісі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудырып отыр, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Сонымен бірге жобаға несиелік берешегі бар азаматтар қатыса алмауы да мәселенің бірі.

Депутат осы мәселелерді шешу үшін мынадай ұсыныстарын айтты:

1. Шағын ауыл шаруашылығы өндірушілері өндірген өнім үшін сертификаттауды жеңілдету мәселесін пысықтау.

2. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру.

3. Қаржы министрлігі жоба бойынша биылға жоспарланған 100 млрд теңгені толық көлемде бөлуді тездетуі тиіс.

4. Ел Президенті тапсырмасына сәйкес жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.

Өзгелердің жаңалығы