Ауылда қалдырылған салық түсімі көп мәселені шешеді – сенатор

11 Ақпан 2022, 10:34
2383
Бөлісу:
Ауылда қалдырылған салық түсімі көп мәселені шешеді – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Нұрлан Бекназаров ауылдық елді мекенге қалдырылған қаржы көп мәселені шешетінін айтты.

Ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар нақты тапсырма беріп, болашақта атқарылатын жұмыстарды белгілегенін айтты.

Алда тұрған ауқымды істердің басым көпшілігі – халықтың әл-ауқатын көтеру мен еліміздің экономикасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар болып отыр. Мемлекет басшысы қаңтар айындағы сөзінде де халық пен еліміздің жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстың жалғасатынын айтқан болатын. Оны халық дұрыс қабылдап, дұрыс түсініп отыр, - деп айтты депутат.

Оның ішінде негізгі басымдықтардың бірі - көптен бері шешілмей жүрген бюджеттік қалыптастыру, бюджеттік арақатынас мәселесі.

Бізде біраз қаржы көлемдерін жергілікті жерге қалдыру мәселесі айтылып келе жатқанына көп болды. Яғни жергілікті жердегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге, инфоқұрылым мәселелері бар, жалпы әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалатын қаржыларды орнымен пайдалану керек, - дейді Нұрлан Бекназаров.

Депутат атағандай, Президент табыс көзі мен орташа айлық арасындағы алшақтықты нақты көзбояушылық екенін атап өткен болатын.

Көптеген азаматтың өмірдегі тұрмыс жағдайы мен қағаз жүзіндегі статистика сәйкес келмейтіні рас. Ауылдық елді мекендерге баса назар аударылып отыр. Ол мәселелер Сенат қабырғасында да қаралып келеді. Президенттің осы мәселеге қатысты толық көлемде қаржыландыру туралы тапсырмасының маңызы зор. Бізде 2 186-дай ауылдық елді мекен бар. 2021 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес сол елді мекендердің, ауыл мен село әкімдерін халық өзі сайлап алды. Яғни халық сенім білдірген әкімдердің ары қарайғы жұмысы көп жағдайда қаржыға келіп тіреледі, - дейді ол.

Нұрлан Бекназаровтың сөзәнше, орташа есеппен алатын болсақ, қазіргі статистика жалпы өздерінің салықтары мен жинаған қаражаты орташа есеппен 100 пайыз қажеттіліктің 17 пайызын ғана жауып отыр.

Сондықтан бұл жерде халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін жергілікті сайланған әкіммен бірлесе отырып, ауылдық елді мекендердің қосымша салық түрлерін өздеріне қалдыру мәселесі қаралып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржы және экономика министріліктерінің мамандары мәселені алдын ала пысықтап, зерделеп шығу керек. Өйткені ауылдық елді мекенге қалдырылған қаржы барлық мәселені шешеді, - деп пікір білдірді Сенат депутаты.

Өзгелердің жаңалығы