Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол депутаттық сауалы қалаға ағылып келіп жатқан ауыл жастарын жұмыспен қамту жəне олардың табыс табу мүмкіндіктерін қарастыру туралы екенін айтты. Депутат мәселеге қатысты сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Республика бойынша жұмыссыз жүрген жастардың үлесі 7,1%, яғни 379 мыңнан астам азамат. Ауыл жастарының да осы санатта айтарлықтай үлесі бар.
Жастар табыс іздеп, үш ірі магнит-қала Астана, Алматы, Шымкентке ұмтылады. Мысалы, жыл сайын Астанаға 30 мыңнан астам адам көшіп келіп жүр. Көші-қон ағынының негізгі үлесін еңбек тəжірбиесі мен практикалық дағдылары жоқ ауыл жастары құрап отыр. Қалаларда олар уақытша жəне жалақысы төмен жұмыстармен айналысып, құрылыс алаңдары мен базарларда нəпақа іздеп жүр. Біліктіліктің жоқтығынан туындыған төмен табыстар ауыл жастарын қарызға итермелейді, ал бұл болса əлеуметтік тұрақтылыққа кері əсерін тигізуі мүмкін, - дейді Жигули Дайрабаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астанада әкімнің жетекшілігімен пилоттық режимде бағыт-бағдары жоқ ауыл жастары үшін «JOLTAP» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Елордада сұранысқа ие электр-газбен дəнекерлеуші, тігінші, видеомонтаждау, графикалық дизайн сияқты 13 цифрлық дағдылар мен жұмысшы мамандықтары бойынша тегін қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылған, əрі қарай жұмысқа орналасуға жəрдем беріледі.
Жоба оң нəтиже беріп үлгерді. 7 ай ішінде 7 мыңға жуық адам жоба мүмкіндіктерін пайдаланды, 1 200-ден астам азамат оқытудан өтіп, 1 100 адам жұмысқа орналастырылды.
Жобаның айрықша ерекшелігі халықпен белсенді жұмыс. Жастардың назарын аударып, оларды барынша қамту үшін қала бойынша «Баршаға мүмкіндік» атты 300 млн теңге тұратын 10 модульдік пункттер ашылған. Бұл іс-шара жеке кəсіпкерлердің қолдауларымен ұйымдастырылды. Бюджеттен шығын болған жоқ. «JOLTAP» жобасының алгоритмі өз тиімділігін көрсетті. Осыған орай, біз бұл тəсілдемеге қолдау көрсетіп, оның ауқымын еліміздің басқа өңірлерінде кеңейтуді қажет деп санаймыз. Өйткені бұл жоба Мемлекет басшысының NEET жастарының үлесін азайту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруда тиімді құрал бола алады, - деп түсіндірді мәжілісмен.
Айтуынша, 2023 жылы Үкімет отырысында аймақтың əкімдіктеріне «JOLTAP» пилоттық жобасының мысалын қолдануға тапсырма берілген еді, өкінішке орай жарты жыл уақыт өтседе өңірлерде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресте аталған бағдарлама тəсілдері қолға алынбай отыр.