Ауыл жастары арасында жұмыссыздық деңгейі әлі де жоғары – Дүйсенова

11 Қазан 2022, 11:30
1482
Бөлісу:
Ауыл жастары арасында жұмыссыздық деңгейі әлі де жоғары – Дүйсенова

Көптеген жастарымыздың кәмелет жасына толуына байланысты еңбек нарығына едәуір салмақ түсуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр Тамара Дүйсенова осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек министрі Үкімт басшысына ел халқын жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруда бірқатар қиындық бар екенін айтты. 

Әрине, белгілі бір жетістіктер бар. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Көптеген жастарымыздың кәмелет жасына толуына байланысты еңбек нарығына едәуір салмақ түсуде. Сонымен қатар, NEET санатындағы жастардың және ауыл жастарының арасында жұмыссыздық деңгейі әлі де жоғары болып отыр. Осының бәрі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тәсілдерін жетілдіруді және цифрлық өнімдерді қолдану мүмкіндігін арттыруды талап етеді, – деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министрдің атап өтуінше, екіншіден, жыл сайын кемінде 100 мың жасты олардың оқуына, жұмысқа орналасуына және жеке іс ашуына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тарту жоспарланып отыр. Индикаторлар уәкілетті органдармен бірге пысықталып, өңірлерге берілді. 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында бұл іс-шараларды іске асыру үшін қажетті қаражат көзделген.

Үшіншіден, ұлттық жобалар аясында құрылатын жұмыс орындарының 10 пайызын жастарға беруді ұсынамыз. Бұл шара 50 мың жасты жұмыспен қамтамасыз етеді. Төртінші, дәл осы тәсілмен «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасының аясында жастарға арнап кемінде 10 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы индикатордың бәрі 1 қарашаға дейін өңірлерге түсіндіріліп, жүктелетін болады, – деді ол.

 

Өзгелердің жаңалығы