Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл әйелінің әлеуметтік бейнесі анықталды. Бұл туралы Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағының атқарушы директоры Ләззат Асқарова онлайн брифинг барысында айтты.
Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мәліметінше, бүгінде ауылда 1,7 млн әйел жұмыс істейді. Әрбір 5-ші шаруа қожалығын әйел басқарады. Бүгінде олар мемлекеттік басқару органдарында да жұмыс істеп жатыр. Аудандық мәслихат депутаты - 512, аудан әкімі - 5, 348 әйел ауылдық әкім қызметінде отыр. Ауыл шаруашылығына әйелдердің қосып отырған үлесі көп, - деді Ләззат Асқарова.Оның айтуынша, 2018 жылы алғаш рет ауыл әйелдерінің форумы өткізілді.
Біз осы уақытқа дейін екі форум өткіздік. 15 қазан - БҰҰ күнтізбесінде дүниежүзілік ауыл әйелдерінің күні. Осы күнді де назардан тыс қалдырмадық. 2 республикалық форум өткіздік. Бұл ауыл өмірі үшін маңызды шара болды. Форумға делегаттар тек бизнес ашқандар арасында ғана іріктелген жоқ. Іс-шараға ауыл өмірін қамтитын барлық саланың өкілдерін шақырдық. Форум бағдарламасында ауыл тұрғынын мазалайтын барлық мәселені қамтуға тырыстық. Мысалы, ауылда тұратын әйелдердің 20-30% мүлдем ауылдан шықпаған екен. Біз оларға мәдени іс-шараларды да ұйымдастырдық, - деді ол.
Асқарова айтып өткендей, форумның басты жетістіктерінің бірі – жаңа есімдердің пайда болуы.
Әрбір форум сайын әсерлі оқиғалар жарыққа шығады. Әйелдердің өзіне деген сенімділігі артып, өмірге деген көзқарастары өзгергенін көрдік. "Асқақ шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері" атты кітапты жарыққа шығардық. Екінші форумда аталған кітап таныстырылды. Қазір де бұл кітап сұранысқа ие болып отыр, - деді ол.
Ол атап өткендей, былтыр форумда ауыл әйелдерінің әлеуметтік бейнесі бойынша зерттеу жүргізілді.
1500-ге жуық шалғайдағы ауыл әйелдері арасында сауалнама жүргізілді. Ауылдықтардың 50 пайызы 3-30 мың теңге аралығында табыс табады. 50 мыңға дейін табысты 25 пайыз табады. Бұл ойландыратын мәселе. Жұмыспен қамтылу бойынша, ауылдағы әйелдердің 25 пайызы үй шаруасында. Ауыл әйелдерінің 90%-ы мемлекеттің еңбекпен қамту бағдарламаларына қатыспаған, - деді ол.Бұған дейін хабарлағанымыздай, ауыл әйелдеріне көрсетілетін қолдау туралы "Жасыл" экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы" ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рақымбекова онлайн брифинг барысында айтып берді.