Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері ескерусіз қалмайды – Сапарбаев

23 Ақпан 2022, 17:50
1338
Бөлісу:
Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері ескерусіз қалмайды – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында Көлқайнар ауылдық округі әкімінің Еңбек ауылының тұрғындары алдындағы есеп беру жиынына қатысты.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Округ әкімі Асылбек Қонаров Мемлекет, Үкімет және облыс басшылығының қолдауымен өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлы шараларға  да тоқталды.

Оның айтуынша, округте ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 167 гектар егістік, 1 749 гектар жайылым, 552 гектар шабындық бар екен. Өткен жылы 2073 гектар алқапқа егін егіліп, 17 507 тонна өнім жиналған. Осы жылдың өнімі үшін 100 гектарға күздік бидай себіліп, көктемгі егіске 1200 гектар алқап дайындалған.

Ауылда мал басының өсу динамикасы байқалады. Су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Округке қарасты 5 елді мекеннің 4-уі ауыз сумен қамтылған.

Өз кезегінде тұрғындар ауылға тартылған газды үйлерге кіргізу, жайылым тапшылығы, жеке тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімдерін беру секілді  мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі кейбір мәселелер бойынша өзі жауап беріп, негізгі басымдықтар бойынша айрықша тоқталып өтті.

Сіздер көтерген мәселелердің барлығы ескерусіз қалмайды. Игерусіз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, мақсатты пайдалануымыз қажет. Елді мекен маңындағы жерлерді үйлердегі малдардың санына қарай ыңғайлауымыз керек. Төрт  түліктің басым бөлігін ауылдың сыртындағы жайылымға апарып бағуға тиіспіз.

Ауа-райы биыл да қолайсыз болып отыр. Наурыз, сәуір айларын ылғал аз түсетіндей болса, біз барлық жағдайға дайын болғанымыз дұрыс. Ол үшін қолда бар су қорын тиімді, үнемді пайдалануымыз керек. Қазірден суды далаға жібермей, жайылым, шабындықтарға қарай бұру қажет. Арық, каналдарды  тазалап, реттеуге барынша көңіл бөлу керек. Сонымен қатар, жер асты суларын тиімді пайдалану үшін ұңғымалар қазу жұмыстары жүргізілуде.

Газ мәселесіне келетін болсақ, ол биыл шешіледі. Ағымдағы жылдың соңына дейін Жамбыл ауданындағы ауылдық елді мекендердің көгілдір отынмен қамтылу көрсеткішін 90 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қостөбедегі мектептің жайы да назарымызда. Соңғы жылдары өңірімізде мектеп, спорт кешендерінің құрылыстары аз салынынып жатқан жоқ. Біз бір-екі жылда апатты, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін толығымен шешуді көздеудеміз. Осы жылы ауданда 4 спорт кешені бой көтереді,-деді Сапарбаев.

Аймақ басшысы ауылдағы жұмыссыздар санына да назар аударып, тұрғындарды Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды.

Еңбек етемін деген адамға ауылда жұмыс көп. Егін егіп, мал бақса да, он екі мүшесі сау адамның екі қолына бір күрек табылады. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Түрлі бағдарламалардың мүмкіншілігін ауылдық әкімдік қызметкерлері жергілікті тұрғындарға қарапайым тілде түсіндіріп, хабардар етуі тиіс. Қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие алғандар өз кәсібін ашып, тұрмыстық табысын арттыра алады. Жұмыссыз жастарды талдап, олардың білімі болмаған жағдайда, сұранысқа ие мамандық бойынша оқытып, грант, жеңілдетілген несие беруді ұйымдастыру қажет-деп түйіндеді облыс әкімі.

Өзгелердің жаңалығы