Ауыл шаруашылығындағы жағдай аянышты – Жигули Дайрабаев

4 Қазан 2023, 12:32
718
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығындағы жағдай аянышты – Жигули Дайрабаев
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Қазақстанға келетін үш банктің бірі аграрлық бағытта болуы керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министр мен Ұлттық Банк төрағасының атына жолдады.

Депутат елімізде ауыл шаруашылығы саласы аянышты жағдайда екенін айтып, елімізге келетін үш банктің бірінің ауыл шаруашылығына бағытталуы керегін ұсынды.

Біздің негізгі миссиямыздың бірі - фермер шаруалардың қаржы мәселесін жүйелі түрде шешу. Баспана аламын деген азаматтарға бюджет тарапынан сыйақы беріледі, «Қазақстан даму банкінің» жобаларына да мемлекеттен тікелей қаржы бөлінеді. Сонда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аграрлы сала үшін құрылатын агробанктің маңызы аталған екеуінен кем болғаны ма? – деді ол.

Депутаттың айтуынша, Үкіметтің қай жауабын алсақ та, ауыл шаруашылығын қаржыландыруда «бәрі жақсы» деген ұрандатумен келеді.

Ал шын мәнінде дүкен сөрелеріндегі жағдай басқа. Ауыл шаруашылығындағы жағдай аянышты. Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Агробанктің ауыл шаруашылығына керек екенін, оның тиімді екенін әлі де дәлелдейміз. Бірақ бұл мәселе шешілгенше, екінші деңгейдегі банктердің де дандайсуын тоқтатуымыз керек, - деп айтты Дайрабаев.

Ол Президент өз Жолдауында экономиканың нақты секторларын қаржымен ұзақ мерзімге қамтамасыз ету және ол кәсіпкерлерге қолжетімді болуы үшін бірлескен әрі синдикатталған несиелеу тетіктерін белсенді қолдану туралы және банктердің тым көп пайда табатынын бекер атап кеткенін еске салды.

Шынында да несие сыйақысы 1-1,5 пайыздан аспайтын халықаралық банкілерді Қазақстанға әкелетін кез келді. Осы орайда, елімізге шақырылатын 3 халықаралық қаржы мекемелерінің бірі аграрлық бағытта болуы керек деп есептейміз. Бұл қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттырады және еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін күшейтуге, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі, - деп айтты Жигули Дайрабаев.

Ол осыған қатысты Үкімет пен Ұлттық банкінің нақты ұстанымы қажет екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы