Ауыл шаруашылығында орта бизнестің үлесі небәрі 7% - профессор

9 Қыркүйек 2024, 09:45
1797
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығында орта бизнестің үлесі небәрі 7% - профессор
Фото: автордан

ҚазҰАЗУ Орман ресурстары, аңшылық тану және балық шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Талғат Кертешев Мемлекет басшысының жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің жолдауында көптеген мәселелер көтерілді. Оның ішінде орман шаруашылығы жайлы да айтылды. Семей орманында орман тұқымбағы бар. Бұл - Орта Азия бойынша соңғы технологиямен салынған жылыжай кешені. Сол кешеннің негізінде Қазақстандағы орманды қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынуда. Орман шаруашылығын дамыту жайлы ұсыныс енгізілді. Бұл өте орынды деп санаймын. Себебі қазір Қазақстанда небәрі орманды алқаптарымыз 5% болғанымен, 2030-2040 жылдары көкжиекке жету үшін орман шаруашылығын көтеруіміз қажет. Екіншіден, жолдауда мықты маман даярлау жайы көтерілді. Қазақ ұлттық аграрлық университеті зерттеу негізінде тікелей  өндіріспен жанасу арқылы қолданбалы ғылымды одан әрі дамыту шараларын жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ өндіріске қажетті өзекті салаларда гранттық және арнайы бағдарламалар арқылы жұмыс жасалады. Орман шебері деген ұғым бар. Олардың барлығы колледжден кейін дайындалып келу керек. Сол себепті кәсіптік орташа, арнайы оқу орындарын дамыту жайында да дұрыс айтылды. Орта білімі бар студенттер болашақта өз орнын табуы керек. Себебі алдағы уақытта жұмысқа орналасу мәселесі бар, мемлекеттік қызметке тұруы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр, - деді профессор Талғат Кертешев.

Профессор өз сөзінде су шаруашылығында мамандардың тапшы екендігін, ауыл шаруашылығына суды үнемдейтін технологиялардың пайда болуы керектігін атап өтті.

Су шаруашылығы, су ресурстары бағытында кадр жетіспеушілігі Қазақстанда өте жоғары. Себебі олардың жалақылары өте төмен, су мамандарына қазіргі уақытта жастар келмей жатыр. Қазір біздің ЖОО-да, кейінгі 4-5 жылды алатын болсақ, осы су ресурстары мамандығына келетін студенттер өте аз. Сол себепті осы саланы дамытудың жосапары жасалып, жаңа министрліктің құрылғаны өте маңызды. Жолдауда ұнаған бір мәселе - ауыл шаруашылығында суды үнемдейтін техналогияларды енгізуге көңіл бөлінуі және ауыл шаруашылығын қолдауда банктерді кірістіру. Шаруашылықты қолдауда мемлекет 70%-ын қамтыса, қалған 30%-ы банктердің мойнында болмақ, - деді ҚазҰАЗУ Орман ресурстары, аңшылық тану және балық шаруашылығы кафедрасының қауым. профессоры
Талғат Кертешев.

Ол елімізде орта бизнесті дамытудың арқасында ғана мемлекетте орта бизнес экономиканың негізгі күштердің біріне айналатынын атап өтті.

Қазіргі кезде елімізде орта бизнестің алатын үлесі ауыл шаруашылығында жеті-ақ пайыз. Соны жуық арада, 2030 жылға дейін 15%-ға дейін көтеру мәселесі айтылды. Ол өте жақсы, себебі орта және кіші бизнеске қажетті жеңілдіктер жасау керек. Оларға салық жағынан келетін қиындықтарды жою керек. Сонда ғана мемлекетте орта бизнес экономиканың негізгі күштердің біріне айналады. Сондықтан орта бизнеске айтылған ойлары көңілге қонымды. Болашақта іске асырылатын мақсаттардың бірі деп есептеймін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы