Ауыл шаруашылығын қайтсек дамытамыз?

Бөлісу:
Ауыл шаруашылығын қайтсек дамытамыз?
Фото: BAQ.KZ

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев ауыл шаруашылығының жай-күйін айтып, оны дамытудың жолдарын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі алаңдатарлық. Өкінішке қарай есеп басқа, іс жүзінде басқаша болып тұр. Бұл туралы Мәжілісте де, ел ішінде де айтылып жүр. Ұлардай шулаған шаруаларға ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында айтқан Президент сөзі демеу болды-ау. Бұған дейін тек бір тараптан есеп беріліп келсе, енді Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін басқосуда сала мамандарымен ашық диалог құрылса, шаш етектен асқан талай шаруа өз шешімін табатын еді. Көшпелі қазақ тың игеру науқанының нәтижесінде отырықшы елге айналған. Ол кезде негізгі егіс бидай, мақта, күріш, қант қызылшасы еді. Уақыт өте келе бау-бақша өнімдері өсіріле бастады. Мал шаруашылығы тұрақты дамыды. Барлық сала өкімет бекіткен нақты жоспарға сай жұмыс істеді. Ал қазір әркім өз бетінше кәсібін дөңгелетіп жатыр, - дейді депутат.

Балабиев мемлекеттік қолдауға қыруар қаржы бөлінгенімен, қарыштап дамып шарықтап кеткен ауыл шаруашылығын көрмей отырғанымыз және Президенттің Үкімет алдына қойған міндеттері агроөнеркәсіп секторына серпін беретініне сенім білдірді.

Ауыл шаруашылығы экономиканың қозғаушы күші болуы үшін бәсекеге қабілетті салаға айналу керек. Ең алдымен ел ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге билік мүдделі болуға тиіс. Ал, қазір Үкімет, министрлік, атқарушы билік пен бизнес арасында байланыс байқалмайды. Сол себепті ауыл шаруашылығы шатқаяқтап тұр. Бұлай жалғаса берсе, қалай ауылдағы ағайынның тұрмысы түзеледі? Кей әкімдер Президенттің отандық инвесторларды қолдау тапсырмасын ысырып тастап, тек шетелдік инвесторларға жергілікті жұртшылықтың мал жайылымдық және егістік жерлерін тартып алып беріп жатыр. Соның салдарынан адал еңбекпен малын бағып, егін салып табыс тауып жүрген ауыл адамдары кәсіпсіз де, нәсіпсіз де қалуда, - деп айтты депутат Қайрат Балабиев.

Депутат қаржылай қолдау болмай, ауыл шаруашылығы түзелмейтінін айтты. Оның сөзінше, әлемнің озық елдері агросекторға басымдық берген. Қазба байлық және өндіріс көздері жоқ жерде, тек егін және мал шаруашылығы арқылы аяққа тұруға болады.

Фермаларды жоспарлы түрде дамытқан кеңес өкіметі осының бір мысалы. Әлі күнге сол үрдісті үзбей келе жатқан Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілер де сол жүйенің бір дәлелі. Өйткені мал мен егінде береке бар. Кен ол таусылатын байлық. Ал, ата кәсіп сарқылмайтын нәсіп. Мемлекет басшысының бастамасымен бұған дейін небәрі 500 млрд теңгенің төңірегінде бөлініп келген қаржы екі жылда екі есе ұлғайтылып, триллионнан асты. Оның ішінде 2,5%, 4%, 5% пайыздық несиелер бар. Бұл қаржылар Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты қаржылық ұйымдар арқылы үлестіріледі. Алайда, Президент жалпы шаруаларға және шаруашылықпен айналысқысы келетіндерге арнап бөлетін ақшасы агро олигархтардан әрі аса алмай жатқан сыңайлы. Себебі солардың өнімі өсіп әрі өтіп, шаруалар қып-қызыл шығынға батып жатыр, - дейді ол.

Президент әлемдік азық-түлік нарығында бәсекеге төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беруге, оның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыруға стратегиялық міндеттің бірі деп қарауға шақырды. Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейтінін сынға алып, Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуге, ол үшін шетелдің озық технологиясын пайдаланып, көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға, ал жоғары сапалы элиталық тұқымның үлесі кемінде 15 пайызға жеткізуді жүктеді.

Сонымен қатар депутат мал шаруашылығы саласындағы мәселелерді де көтерді.

Қазақстанда баяғыдай мыңғырған мал жоқ. Есесіне транзит бар. Бордақылайтын ірі қара мен жылқы шеттен келеді. Өзімізде миллиондаған малдың бары рас болса, өнімі неге көл-көсір емес? Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайға ірі қара терісін экспорттамақшы. Министрдің өзі тері илейтін зауыттар ашылса, 25 пайыз шығынын көтеруге көмектесетінін айтқан. Экспортқа кетіп жатқан мал терісі 13 мың тоннаның төңірегінде. Еліміздің 11 өңірінде 27 кәсіпорын былғары илеумен айналысып жатыр екен. Нәтиже қайда? Неге бізде мал терісі сырт киім, аяқ-киім, сөмке, белбеу шығарылмайды? Өзіміз өсірген бидайды өзімге қуырып беріп жатыр. Қытай сияқты бүкіл дүниежүзіне керектіні тігіп бермесек те, Түркия сияқты сырт киімнің нарығына шығу керек қой. Ауылдарда мал терісі жүн қабылдайтын пункттер ашу қажет. Қай өңірде мал мен жан көп болса, сол жерде тері илеп әрі киім тігетін кәсіпорындар ашқан жөн. Жеңіл өнеркәсіп тұрғысынан Қырғызстан мен Өзбекстаннан оза алмай жатқанымыз ақиқат қой. Тура сол сияқты біздің бидайдың мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Үкімет 12 млн тонна бидайды экспортқа шығарса, нанға ұн қалмайды. Бұл нан өнімдерінің қымбаттауына себеп болып келеді. Жабылып қалған отандық диірмендерді іске қосып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, содан артылғанын ұн ретінде экспортқа шығарсақ сол тиімді әрі табыстырақ болады. Әйтпегенде қазір бидайдың жеуге арналғаны – 50, жемге арналғаны – 30 теңгеден шекара асырылып жатқаны қауіпті. Бидайдың барлығын дерлік экспорттап, өзіміз қымбат нан жеп жатырмыз. Диірмендер саны едәуір азайып кеткен. Халық қашанғы арзан бидайдың нанын қымбат сатып алып жеп жүреді, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Өзгелердің жаңалығы