Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру процесі цифрлық форматқа көшіріледі. Жер беру рәсімдерінің ашықтығын арттыру үшін электрондық конкурстарды өткізу тәртібін реттейтін жаңа нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл туралы ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген Конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр.
Жаңа тәртіптің тиімділігін алдын ала бағалау және цифрлық платформаның жұмысқа дайындығын тексеру мақсатында Ақмола және Жетісу облыстарында пилоттық жоба іске асырылады.
Пилоттық жоба техникалық тестілеу форматында өткізіліп, жаңа жүйенің функционалдық мүмкіндіктерін толық пысықтауға және заң нормалары күшіне енгенге дейін оның жұмысқа дайындығына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған пилоттық жобаны іске асыру Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Бас прокуратурасының қолдауымен жүзеге асырылатын болады, – деді спикер.
Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – жер беру процесін барынша ашық ету және адами факторды азайту.
Фермерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тобы құрылды
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында жер учаскелерін адал пайдаланып, тұрақты өндірісті қамтамасыз етіп отырған фермерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
2024 жылғы 24 қыркүйектен бастап ауыл халқының қажеттіліктері үшін жерлерді қайта бөлу және жер ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылау жөніндегі Республикалық комиссия да жұмыс істеп келеді. Биыл комиссияның екі отырысы өткізіліп, жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелер қаралған.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 29 қаңтардағы №30 бұйрығымен жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселесін реттеу жөніндегі арнайы комиссияның жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілген.
Біріншіден, процеске қатысушылардың барлығының функциялары нақты айқындалды. Екіншіден, міндетті және қосымша өлшемшарттарға негізделген жер пайдаланушылардың адалдығын бағалау жүйесі енгізілді, – деді Мұрат Теміржанов.
Жердің жай-күйі цифрлық форматта бағаланады
Бүгінде Бірыңғай цифрлық жер ресурстары платформасын құру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Биыл 7 млн гектар аумақта топырақ зерттеуі, 7,5 млн гектар аумақта геоботаникалық зерттеу және 4 млн гектар аумақта агрохимиялық зерттеу жүргізілген.
Бұдан бөлек, жалпы аумағы 53,5 млн гектар жердің жай-күйін бағалау бойынша цифрлық материалдар әзірленді. Зерттеу нәтижесінде қалпына келтіру шараларын қажет ететін шамамен 2,7 млн гектар тозған жер анықталған.
Жерді жеке меншікке беру мораторийі ұзартылуы мүмкін
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге қатысты мораторийдің мерзімі 2026 жылы аяқталуына байланысты, оны 2031 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейтін түзетулер әзірленді.
Осы өзгерістермен қатар жер беру рәсімдерін цифрландыру, фермерлердің құқықтарын қорғау және жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Бұған дейін 2022 жылдан бері 15,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланды.