2022 жылдан бері 15,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Биылдың өзінде 1,2 млн гектар пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген жер мемлекетке өтті.

24 Қыркүйек 2026, 15:27
АВТОР
 АШМ баспасөз қызметі 24 Қыркүйек 2026, 15:27
24 Қыркүйек 2026, 15:27
154
Фото: АШМ баспасөз қызметі

2022 жылдан бері пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген 15,6 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 2026 жылы мемлекетке 1,2 млн гектар жер қайтарылған. Бұл туралы ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл республика бойынша пайдаланылмай жатқан кемінде 1 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Аталған жоспар толығымен орындалып, нәтижесінде 1,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды.

Сонымен қатар жер заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілген. Биыл аумақтық бөлімшелер тарапынан жалпы аумағы 1 млн гектар жерді қамтитын 1000-нан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде жалпы аумағы 884 мың гектар жер бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 715 нұсқама берілді. Бұдан бөлек, жалпы аумағы 211 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қою мәселелері бойынша соттарда істер қаралып жатыр.

Қайтарылған жерлер қалай пайдаланылып жатыр?

Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қайтарылған жерлердің 10 млн гектары нақты пайдалануға бағытталған.

Оның бір бөлігі жергілікті халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге берілсе, енді бір бөлігі конкурстық негізде ауыл шаруашылығы өндірісіне тартылуда.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда жайылым тапшылығы 8,4 млн гектардан 2,4 млн гектарға дейін төмендеген.

Осылайша, мемлекетке қайтарылған жерлер біртіндеп нақты қолданысқа енгізілуде. Бір бөлігі халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, екінші бөлігі конкурстық негізде ауыл шаруашылығы өндірісіне тартылуда. Бұл жұмыстардың барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасына және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда, – деді Мұрат Теміржанов.

Жерді тиімді пайдалану талабы күшейеді

Комитет төрағасының айтуынша, жерді мемлекетке қайтарумен қатар, оны кейін тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Яғни негізгі талап – жерді жай ғана игеру емес, оның ауыл шаруашылығы өндірісіне нақты тартылуы және халықты тұрақты жұмыспен қамту.

Бұған қоса, жерді жай ғана игеру емес, оны тиімді пайдалану және халықты жыл бойы тұрақты жұмыспен қамту талаптарына басымдық берілуде. Бұл ретте алаңы 10-нан 50 мың гектарға дейінгі ауыл шаруашылығы алқаптары тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік беретіні анықталды, – деп атап өтті спикер.

Осыған байланысты Жер балансының деректері бойынша аумағында 10 мың гектардан астам жері бар шаруашылықтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды жерлерін тиімді пайдалануға және ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға бағыттау бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Осылайша, мемлекетке қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу және олардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстанда 563 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды: Кей өңірлер жоспардан кешігіп жатыр

"1,5 млн гектар жер мұнаймен ластанған": Депутат заңбұзушылықтарды әшкереледі

Наверх