Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркиядағы GROWTECH көрмесіне қатысты

27 Қараша 2023, 22:20
525
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркиядағы GROWTECH көрмесіне қатысты
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек өткен аптада Түркияға жұмыс сапарымен барып, Қазақстанның АӨК-не инвестициялар тарту мақсатында бірқатар маңызды келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар барысында вице-министр Анталияда өткен Growtech жылыжайларының, ауыл шаруашылығы технологияларының және мал шаруашылығына арналған жабдықтардың 22-ші Халықаралық көрмесіне қатысты. Бұл көрме Түркияның ауыл шаруашылығы компанияларының ең ірі жәрмеңкесі саналады.

Халықаралық көрме аясында Әбілхайыр Тамабек сол елдің озық ауыл шаруашылығы компанияларымен келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру барысын талқылады. Түркияның Sezer Tarım ve Sağım Teknolojileri және «Атлантис» компанияларының суару жобаларымен танысты. Айтпақшы, «Атлантис» ауыл шаруашылығы суару жүйелерін өндіруге және орнатуға маманданған. Center Pivot және Lineer ауыл шаруашылығы суару жүйелері арқылы автоматты түрде мыңдаған гектар жерді суарады, осылайша уақытты, еңбек шығындарын және су мөлшерін үнемдейді.

Сондай-ақ, Әбілхайыр Тамабек тоңазытқыштар, мал сою және ет комбинаттарына қажетті құрал-жабдықтар шығаратын Cantek серіктестігіне барды. Бұған дейін аталған компания әлемнің көптеген елдерінде заманауи мал сою алаңдары мен ет комбинаттарын салынуына үлкен үлес қосты.

Вице-министр жоғары сапалы көшеттерді өндіретін «Has Fide» серіктестігінің ғимаратында да болды.

Сонымен қатар, жылыжайларды кешенді орнату қызметтерін ұсынатын және әлемдегі әртүрлі климаттық жағдайларға сәйкес келетін заманауи жылыжай құрылыс, суару, жылыту және климаттық бақылау жүйелерін ұсынатын Seratek компаниясының жұмысымен танысты.

Өз кезегінде Әбілхайыр Тамабек түркиялық әріптестеріне Қазақстандағы мүмкіндіктер мен инвестициялық ахуалды, перспективалы бірлескен жобаларды таныстырды. Growtech көрмесі аясында Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жөнінде Agro TV түрік телеарнасына тікелей эфирде сұхбат берді.

Өзгелердің жаңалығы