АШМ 400 млн теңгеге жуық сомаға әкімшілік айыппұл салды

3 Қараша 2021, 12:59
1197
Бөлісу:
АШМ 400 млн теңгеге жуық сомаға әкімшілік айыппұл салды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы аптада Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелері карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру кезінде 1 мың тоннаға жуық импорттық карантинге жатқызылған өнімді ұстады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Карантинге жатқызылған өнім Ресей Федерациясы, Беларусь, Финляндия, Өзбекстан, Қырғызстан, Нидерланды және Корея Республикасынан әкелінген.

2021 жылғы 22-29 қазан аралығында агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары Қазақстан Республикасының аумағына фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімді заңсыз әкелудің 82 фактісінің жолын кесті.

Нұр-сұлтан қаласына Нидерландыдан 1,2 тонна қызанақты импорттау кезінде «Қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы» (Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) және «Пепино мозаика вирусы» карантиндік объектілері (Pepino mosaic virus) анықталды.

Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстаннан Жамбыл және Маңғыстау облыстарына 21,9 тонна құрма өнімін импорттау кезінде «Комсток сымыры» (Pseudococcus comstoki) карантиндік объектісі анықталды.

Өсімдіктер карантині саласындағы аталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік материалдар құрастырылып, сотқа жолданды. 21,9 тонна құрма өнімі Өзбекстан Республикасы мен Қырғызстанға қайтарылды.

Ресей Федерациясынан жалпы көлемі 768 тонна картоп, сәбіз, қызылша, қызанақ, бұрыш, мақсары, бидай, жаңғақтар, кептірілген жемістер, апельсин, алма және банан, Қырғызстаннан 22 тонна жем-шөп эспарцеті, Кореядан 1,5 тонна жүгері ұны және Нидерландыдан 139 780 дана гүл кесінділері импорты кезінде 56 жағдайда фитосанитариялық сертификаттардың жоқтығы белгілі болды, - деп хабарлады АШМ.

1 жағдайда Ресей Федерациясынан 108 060 көшет әкелу кезінде таңбалауы жоқ болып шықты.

Ресей Федерациясынан жалпы салмағы 140 тонна картоп, қызанақ, апельсин, қарбыз, қара өрік, алма, ұн, астық қалдықтары, жарма, Беларусьтен 48 843 дана көшет, Финляндиядан 25 тонна жаңғақ және Қырғызстаннан 7 тоннадан астам картоп, қызанақ және жүзім импорты кезінде 20 жағдайда карантинге жатқызылған өнім қайталама тексеруге ұсынылмаған.

Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың бұзылуына жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабы бойынша әкімшілік материалдар жасалып, 4,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары өсімдіктер карантині саласында 5,3 мың бұзушылықты анықтап, нәтижесінде 393 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды.

 



Өзгелердің жаңалығы