Сыр өңірі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 15 түрін экспорттауда

13 Ақпан 2019, 18:29
3427
Бөлісу:
Сыр өңірі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 15 түрін экспорттауда

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы осыдан бес жыл бұрын ауылшаруашылығы өнімдерінің 3 түрін сыртқы нарыққа шығарса, өазір оның саны 15-ке өсті. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуінде айтты.

Аймақ басшысының айтуынша, соңғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 27 пайызға артқан. Ал оның 97 пайызы өңделген өнім.

«Бүгінгі біздің алдымыздағы міндет – шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа сапалы дайын өнім шығару. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортталатын өнімдердің тізімі тек соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге көбейді. Бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес, облыстың экспорттық әлеуеті өте ауқымды», – деді облыс әкімі.

2016 жылы Ресейге бақша өнімдері сатылды. 2017 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне, Иран, Моңғолия және Өзбекстанға көкөніс пен мал экспорттала бастады. Ал былтыр Қытай нарығына алғаш рет мақсары май жөнелтілді.

«2017 жылы облыс экспортқа 2,2 мың бас қой жөнелтсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 есеге артты; 8191 бас мал Ресей Федерациясы мен Иранға жөнелтілді. Сонымен қатар, алғаш рет ірі қара малды союға экспорттай бастады», – дейді облыс әкімі.

Қырымбек Елеуұлының айтуынша, қазіргі таңда аймақта халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинатының болмауына байланысты малды шетелге жіберуге немесе оны басқа облыстардың ет комбинаттары арқылы экспорттауға тура келеді. Биылғы жылы Қызылорда қаласында қуаттылығы күніне 200 бас ірі қара және 1000 бас ұсақ мал соятын заманауи ет комбинатын салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, облыс әкімі аймақта балық аулу көлемі 8 мың тоннадан асқанын жеткізді. Балық аулаудың жылдық көлемі 8186 тоннаны құраған. Бұған қоса, өз өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін "Еврокод" есептік нөмірі төрт кәсіпорында бар.

«2018 жылы Польша, Голландия, Германия, Литва, Грузия, Украина, Ресей және Қытайға 3802,8 тонна балық өнімдері экспортталды», – дейді облыс әкімі.

Айта кетейік, Қызылорда облысы 2018 жылы алғаш рет Қытайға 80 тонна балық өнімдерін экспорттады.

 Ибраш Әли

Өзгелердің жаңалығы