"Ауыл" партиясы мәлімдеме жасады

11 Мамыр 2020, 21:02
1511
Бөлісу:
"Ауыл" партиясы мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Ауыл" Халықтық демократиялық патриоттық партиясы ел көлемінде Төтенше жағдай аяқталуына байланысты арнайы мәлімдеме жасады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне сәйкес ел көлемінде Төтенше жағдай аяқталды.Төтенше жағдай жарияланғалы бері ел тұрғындары әлеуметтік оқшаулану режимінде болды. Бұл пандемия кезіндегі мәжбүрлі шара еді. Төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссияның уақтылы шешімдері мен шұғыл шараларының арқасында індеттің қарқынын қайтарып, қалыпты жағдайға қайта оралу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Еліміздің азаматтары да сын сағатта бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп, қиындықты еңсеруге атсалысты. Мемлекет тарапынан қоғамның әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтары мен карантиндік жағдайға байланысты кіріс көзінен айырылған азаматтар әлеуметтік жәрдем түрлерімен қамтылды. Бизнес саласына да айтарлықтай жеңілдіктер жасалып, ауқымды қолдау шаралары жүзеге асырылды – делінген мәлімдемеде.

Ауылдықтар індеттің беті қайтқанмен, біржола жойылып кетпегенін айтты.

Сол себепті де санитарлық шектеу шараларын бірден алып тастау мүмкін емес. Шектеу шаралары біртіндеп, жоспарлы түрде алынып тасталады. Қалыптасқан жағдайда бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймыз. Себебі вирустың таралуы еліміздің кейбір аймақтарында тоқтамай тұр. Ендігі кезекте ел тұрғындарына, жекелеген кәсіпорын басшыларына үлкен жауапкершілік артылады. Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығып кетпеуі азаматтарымыздың санитарлық ережелерді қатаң сақтап, саналылық пен сауаттылық танытуларына да байланысты болмақ – дейді ауылдықтар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия ретінде қайта құру туралы шешім қабылдады.

Шын мәнінде Төтенше жағдайда жеке кәсіпкерлік пен бизнес саласы бұрын соңды болмаған дағдарыспен бетпе-бет келді. Сондықтан да ел экономикасының негізгі өзегіне айналған өндіріс орындары мен шағын және орта бизнес саласына мемлекеттік қолдау одан әрі жалғасын таппақ. Президенттің еліміздің индустрилизация саласындағы саясатты қайта қарап, оны қазіргі әлемдік нарық пен ішкі нарықтың сұранысына икемдеу туралы тапсырмалар беруін өте маңызды шешім деп білеміз. Сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу жүйесін отандық экономикалық белсенділікті арттыру құралы ретінде пайдалану керек деген шешімі де құптарлық – делінген партия мәлімдемесінде.

Президент азық-түлік қәуіпсіздігі мәселесіне маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Пандемия ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде импортқа тәуелділікке жол беруге болмайтынын айқын көрсетіп берді. Азық-түлік – адамның басты қажеттіліктерінің бірі. Елімізде ет, сүт, ұн тағы сол сияқты халық көп тұтынатын тауар түрлерімен өз-өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай өндіріс көлемі бар . Алайда ауыл шарушылығы өнімдерін өңдеу мәселесін тиісінше жолға қоя алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Бұл тікелей елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретін фактор Қазақстанның ауылшаруашылық өндіріс кешенін дамытуға әлеуеті аса жоғары. Сондықтан да Президент ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлуде. Ең алдымен бұл салада кешенді стратегиялық бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылуы тиіс. Әсіресе ауылшыруашылығы тауарларын өңдеу өнеркәсібін дамытуды мықтап қолға алу қажет.

Қасым-Жомарт Кемелұлының мәлімдемесіне сай ауыл шаруашылығы саласына қолдау бұдан әрі арта түспек. Осы уақытқа дейін экономикалық айналымнан тыс, мемлекеттік бақылау мен қолдаудан ада, өз бетінше дамып келе жатқан қосалқы шағын шаруашылықтар Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссиясы жүзеге асыратын шаралар шеңберінде қолға алынатын болды. Осы арқылы ауылшаруашылығы саласындағы қаншама жылдардан бергі күрмеуі қиын мәселе шешімін табады деп сенеміз. Қосалқы шағын шаруашылықтардың дамуы ауылдардағы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне де оң әсерін тигізеді деп білеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі тұрғындарды әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, салық жүйесін оңтайландыру, қаржы саласын реттеу, білім беру мен ғылымды дамыту сияқты күрделі салалардағы өзекті мәселелерді қамтыды. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау, табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру, мәлімдеменің негізгі өзегі болды. Аталмыш салалардың барлығында оң өзгерістерге бастайтын нақты бағдарламалар іске қосылып, ел экономикасының пандемия тудырған дағдарыстан кейін қалпына келіп, қарқынды даму жолына түсеріне кәміл сенеміз.

Құрметті Отандастар, әлемді жайлаған індет Қазақстан халқы үшін де ауыр сын болғаны хақ. Мемлекет басшысы мен Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша комиссияның оңтайлы шешімдері мен жүйелі жұмысының арқасында індеттің уытын қайтара білдік. Алайда дауасыз дерттің қаупі әлі де болса сейілген жоқ. Сіздерді сын сағатта жауапкершілік танытып, санитарлық шарттарды қатаң сақтап, мемлекет басшысының шешімдері мен қолға алған ауқымды істеріне қолдау білдіріп, еліміздің экономикасын жандандыруға бағытталған шараларға белсене қатысуға шақырамыз.

Өзгелердің жаңалығы