«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Құрылтай сайлауы қарсаңындағы финалдық теледебатта партияның аграрлық секторды дамытуға қатысты ұстанымын таныстырды.
Спикер «Ауыл» партиясы тек ауыл шаруашылығына ғана басымдық беруді ұсынбайтынын, керісінше заманауи әрі технологиялық агросектор қалыптастыруды көздейтінін айтты.
Айтуғановтың сөзінше, ауыл шаруашылығын дамыту ғылыммен, IT-технологиялармен, өндіріс және өнімді терең өңдеумен тығыз байланысты болуы керек.
«Ауыл» партиясы тек ауыл шаруашылығына басымдық беруді ұсынбайды. Керісінше, ауыл шаруашылығының дамуына ғылымды, IT-технологияларды, өндіріс пен өңдеуді тартуды көздейміз. Аграрлық держава туралы айтқанда, біз заманауи технологиялық агросекторды меңзейміз. Бұл біздің сайлауалды бағдарламамызда көрініс тапқан, – деді ол.
Партияның ұсыныстарының бірі – аграрлық секторға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру. Оның айтуынша, бұл жүйе өнімділікті болжауға, құрғақшылық қаупін анықтауға және мемлекеттік қолдау тетіктерін барынша ашық етуге мүмкіндік береді.
«Біріншіден, бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Ол өнімділікті болжай алады, бүгінгі таңда өзекті болып отырған құрғақшылықты көрсетеді. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерін барынша ашық етуге мүмкіндік береді», – деді партия төрағасы.
Екінші бағыт ретінде ол ғылымға инвестиция көлемін арттырып, өз технологияларымызды әзірлеу қажеттігін атады. Айтуынша, бүгінде Қазақстан тұқым, асыл тұқымды мал және ауыл шаруашылығы техникасының импортына тәуелді.
«Ғылымға көбірек қаржы салып, өз технологияларымызды құруымыз керек. Өкінішке қарай, бүгінде біз тұқым, мал және техника импортына тәуелдіміз. Бұл тәуелділікті жылдан жылға азайту қажет», – деді Қайрат Айтуғанов.
Партияның тағы бір басымдығы – ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстанның өзінде терең өңдеу.
«Кез келген өнімді терең өңдеу қажет. Ол астық немесе ет өнімдері болуы мүмкін. Сондықтан біз өнімді Қазақстанда өңдеп, қосылған құны жоғары дайын тауар ретінде сатуға тиіспіз деп айтып отырмыз», – деп атап өтті ол.
Айтуғанов аграрлық сектордағы еңбек өнімділігіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы бұл көрсеткіш Еуропалық одақ елдеріне қарағанда 4,5 есе төмен.
«Бұл бағытта біз шынымен артта қалып отырмыз. Бұл алшақтықты жыл сайын қысқартуымыз керек», – деді партия төрағасы.
Сонымен қатар ол заманауи ауыл шаруашылығының дәстүрлі түсініктен әлдеқайда кең екенін атап өтті.
«Бүгінде ауыл шаруашылығы тек трактор мен егістік емес. Бұл – IT, жасанды интеллект, жаңа технологиялар және ғылым. Біздің мақсатымыз – әр гектардан түсетін табысты арттыру», – деп қорытындылады Қайрат Айтуғанов.