Еліміздің болашағы білімді азаматтардың қолында екенін түсінікті. Осы мәселедегі өзектісі – «білімді азаматтарды қалай даярлап жатырмыз? Еліміздің білім беру жүйесі қалай дамуда? Саладағы теңсіздік мәселесін қайтсек шешеміз?» деген сұрақтар. Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев оқу-ағарту саласындағы мәселелерді қалай шешу керегі жайлы BAQ.KZ тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.
- Қазақстанның білім беру жүйесі қалай дамып жатыр? Үкіметтің білім саласындағы реформалары жайлы ойыңыз қандай?
- Тәуелсіз білім беру саласында бірнеше реформа болды. Олар: тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қазақстандық кітаптарға көшу, ұлттық бірыңғай тестілеуді енгізу және соңғы жаңартылған оқу бағдарламасын енгізу. Олардың барлығы білім беру саласындағы өз уақытында болған мәселелерді шешуге бағытталған еді. Жыл сайын өзгерістер енгізіледі, бұл «реформа» деуге келмейтін жаңашылдықтар, бірақ оны «реформа» деп қатты айтып қарастыратыны өкінішті.
Білім саласы еліміздің әр азаматына қатысты. Баламыздың болашағы білімге байланысты болғандықтан, әркімнің жаны ашиды, әркім өз баласының ең жақсы білім алғанын қалайды. Сондықтан ағарту мәселесі халықтың жіті назарында.
Соңғы жылдары бизнес өкілдері осы салаға келіп жатыр. Бұл еліміздегі оқу-ағарту мәселесіне жақсы серпін береді деп ойлаймын. Мұның бір көрінісі - AITAS холдингінің қолдауымен жұмысын жасап келе жатқан Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жұмысы. Біздің қор Назарбаев зияткерлік мектебі, «Қазақстан халқына» қоры мен жергілікті атқарушы органдардың басын біріктіріп, еліміздің 17 облысында былтыр 17 тірек мектепті жаңартты, ұстаздарды оқытты. Биыл тағы 63 мектеп толыққанды тірек мектепке айналады. Яғни жылдың соңына дейін 60 мыңға жуық ауыл баласы қаланың элитарлық мектептерінен кем түспейтін мектептерде білім алады. Бұл тек үкіметтің ғана емес, сондай-ақ, білім беру саласын болашаққа инвестиция деп қарайтын кәсіпкерлердің және «Қазақстан халқына» қорының арқасында мүмкін болып отыр.
- Еліміздегі білім саласында теңсіздік туралы не айта аласыз?
- Білім беру саласындағы, әсіресе, орта білімді қамтамасыз етуде теңсіздіктің түрлері көп. Мәселен, оқушының тұрып жатқан жеріне байланысты - батыс пен шығыс баласы алатын білім деңгейі әртүрлі, ол аймақтардың ерекшеліктеріне байланысты. Қала мена ауыл баласының білім сапасы әртүрлі. Енді бір жағдай - ата-анасының әлеуметтік статусына байланысты баланың білім алу мүмкіндіктері әртүрлі болады.
Мәселені айтқанмен, оның себептерін де айтып кеткен жөн. Біздің ойымызша, ауылдық білім жүйесін ерекшелейтін бірнеше фактор бар. Біріншіден, ол - инфрақұрылым. Мектептердің ғимараттарының көбі өткен ғасырдың ортасында салынғанымен, содан бері күрделі жөндеуден өтпеген, жыл сайынғы косметикалық жөндеу жұмыстарымен ғана шектеліп отыр. Соның кесірінен, мектептерде жылу жүйелері дұрыс істемейді, сыныптарда сапалы жарық қамтамасыз етілмеген, шатырларынан немесе терезелерінен су жиі ағады. Екіншіден, мектептің материалдық тұрғыдан сапасыз қамтылуы. Ауылдың мектептерінде цифрлық аспаптар, дидактикалық құралдар не сапалы жиһаз жоқ.
Үшіншіден, интернет. Мектептердің басым көпшілігінде интернет жылдамдығын 8 мбит деп айтқанмен, шын мәнінде 2-3 мбит аспайды. Цифрлық құралдарды сапалы пайдалану үшін кем дегенде мектептерде 100 мбит жылдамдық болу керек. Төртіншіден, ұстаздардың онлайн не болмаса офлайн оқыту курстарының қолжетімсіздігі. Офлайн оқимын десе, қалаға бару керек, ал ауылда ол физика пәнінің жалғыз ұстазы болуы мүмкін, сабағын тастап кете алмайды. Онлайн оқимын десе, баяғы сол интернет мәселесі туындайды.
Міне осы төрт негізгі мәселе бүгінде ауыл мен қаланың арасын ажыратып, алыстатып тұр.
- «Ауыл баласының білім деңгейі қала баласының білімімен тең емес» деген пікір жиі айтылады. Сіздің ойыңызша, қазіргі жағдай қалай? Ауылдағы білім деңгейін, сапасын қайтсек көтере аламыз?
- Ауыл мен қала арасында білім сапасының айырмашылығы бар, ол көптеген зерттеу көрсеткен факт.
Бірақ «ауыл ұстазы немесе ауыл баласы әлсіз» деген қоғамдағы жалған түсінікке қарсымын. Өткен сұраққа берген жауабымды қайталамай, қысқартып айтқанда - ауылдың ұстазы қалалық әріптесінен кем емес, ол қосымша ресуртерге, қолдауға зәру.
Ал ауылдың баласын айтсақ, бір мысал келтірейін. Зияткерлік мектептеріне түскен ауылдың 7-сынып оқушысының ұпайы қалалық оқушылардың ұпайларынан кем болады. Бірақ 9-сыныптың қорытындысы бойынша ауыл балалары оқу үлгерімі қалада туып өскен құрдастарымен теңеседі. Ол дегеніміз баланың таланты мен ынтасын ауыл мектебі аша алмаған. Ал тиісті ортаға тап болған соң, бала өз қабілетін толықтай шыңдай алады. Біздің мақсатымыз – әр мектепте шәкірттің бар қабілеті мен оқуға құлшынысын ашатын орта құру.
- Ауыл мектептерінің болашағы қалай? Ғылым, IT саласына ауылдық оқушылардың қызығушылығы бар ма?
- Біздің қоғамда болашақ туралы көп айтылады. Алайда, бүгінгі жағдайға үлкен назар аударуымыз керек деп ойлаймын. Себебі, шәкірт елдің болашағы болғанымен, қазіргі көрсеткен жағдайына көңіл бөлуіміз керек. Мектеп оқушысы ғимаратының шатырын жөндеу үшін ПСД қашан жасалады немесе маслихаттың отырысы қашан болады деп күтетін уақыты жоқ, ол ауылға интернет келгенде немесе жаңа реформа күшіне енгеннен кейін оқимын деп отыра алмайды. Ол бүгін оқып жатыр, оның болашағының фундаменты бүгін қалыптастырылып жатыр.
Сондықтан дәл осы сәтте мектептер жаңартылып, күн сайын қаражат бөлініп отыруы керек. Жыл сайын жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат бөлмей, қозғаған мәселелердің шешімін созған сайын, келешегіміздің кепілі болатын бүтін бір ұрпақтан бас тартып жатқанымызды ұғынуымыз керек. Ал бас тартуға құқымыз бар ма? Меніңше, жоқ сияқты.
Ғылым мен ІТ туралы айтсақ, 4 өндірістік революцияның қозғаушы күні – бағдарламалау тілі. Сол себепті мектептерде робототехника бағытын дамытуды қолға алдық. Біз қолдау көрсететін 85 мектептің барлығында арнайы кабинеттер аштық. Нәтижесін де көріп отырмыз. «Ауыл мектебі Powered by NIS» жобасына қатысатын Қасым Қайсенов ауылының мектебі биыл облыстық World Robot Olympiad байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Ауыл мектебінің оқушылары зияткерлік мектептерден, қазақ-түрік лицейлерінен басым түсті. Бұл ауыл баласының қабілеті жоғары, тиісті жағдай жасалса, жоғары нәтижеге қол жеткізе алатындығының бір көрінісі.
- Қала мен ауыл мектептерінің жабдықтармен, кабинеттермен, мұғалімдермен қамтылу деңгейі қалай? Немесе «бұл ауыл мектебі, ал бұл қала мектебі» деп бөліп, қамтылып жатқан жоқ па?
- Иә, қамтылу деген проблема бар. Мұның бір себебі – қалаларда жаңадан салынған мектептер көбірек. Сонымен қатар мұғалімдердің де элитарлы мектептерге барып, оқу құралдарымен танысып, тиісті тапсырыс беруге мүмкіндік бар.
Қазір менің әріптестерім еліміздің 63 мектебіне ревизия жасап жатыр. Бұл мектептер «Қазақстан халқына» қорының қаражатына жаңартылады. Тағы 5 мектеп AITAS холдингі мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының арқасында толық жаңартылады. Жаңартылады дегеніміз – робототехника, STEM-лаборатория, интеллектум кабинеттері, физика, химия, биология бағытындағы толық лабораториялар мен қажетті оқу құралдарын жеткіземіз. Бірақ бұл ауылдағы 5 мыңға жуық мектептің тек 200-і ғана. Шағын жинақты мектептерде әлі де интернет жеткізілмеген, ал одан да қымбат дүниелер мен сапалы оқу құралдары жайлы әңгіме қозғамағанымыз абзал шығар. Менің ойымша, бұл жерде ауылдардан шыққан кәсіпкерлерге де туған жеріне жауапкершілікті алуы тиіс. Мешіт пен спортзал салған бизнес иелері жайлы естуіміз бар, ендігі кезекте мектептерге көмек көрсетіп, STEM-лаборатория немесе робототехника кабинеттерін ашып берсе дейміз. Осы ретте қолдау көрсетемін деген адамға тегін кеңес беруге дайын екенімізді жеткізгім келеді.
- Еліміздің болашағы – білімді азаматтардың қолында екені сөзсіз. Сіздің пікіріңізше, орта білім еліміздің дамуына қалай әсер етеді?
- Сапалы орта білім әр адамның өз болашағын құруда қажет негізгі дағдылар мен білімнің фундаментін қалыптастыратын институт. Сондықтан да еліміздің Ата Заңында ол әр азаматқа кепілді түрде тегін қамтамасыз етіледі деп жазылған.
Ал енді еліміздің дамуына әсер етуі тарапынан қарастырып көрейік. Бүгін ауылдық аймақтарда балалардың 40%-ы оқиды. Ол - еліміздің экономикасының болашақ 40% адами капиталы. Осы балаларға берілген сапалы білім мен қалыптастырылған құндылықтар ертеңгі еліміздің қоғамының бейнесі деп білемін.
- Елімізде білім сапасын көтеріп, мектептердегі бәсекелестікті арттыру үшін қандай да бір жобаларды қолға алу керек шығар...
Өз тәжірибеме сүйеніп, бір мысал келтірейін. «Ауыл мектебі Powered by NIS» деген жобамыз бар. Сол жобаға Ақмола облысындағы Макинск қаласынан бір мектеп, Қатон-Қарағай ауданына 3 мектеп және Өскемен маңындағы Қасым Қайсенов ауылындағы Марсеков атындағы мектеп қатысады. Бұл мектептердің ұстаздарын 2022 жылы Астана қаласындағы үздік оқу орындарына экскурсияға алып келдік. Назарбаев зияткерлік мектептері, BINOM мен мемлекеттік мектептердің жұмысымен таныстырдық. Сол сапардан кейін мұғалімдер ауылдарына оралып, мектептің ішкі дизайнынан бастап, ұжымдағы қарым-қатынасына дейін үлкен өзгерістер болды. Яғни кез келген сала мамандарына және ұстаздарға да өзара тәжірибе алмасу маңызды.
Жыл сайын елімізде Roboland фестивалі өтеді. Биыл оған 6 елден 900-ге жуық оқушы қатысады. Олардың қатарында 30-дан астам ауылдан келген команда бар. Алғашқы жылдары командалар «көрсем, білсем» деп келеді де, ал келесі жылы «жеңеміз» деп дайындалып келеді. Бұл фестивальге де қолдау көрсетуді жөн санадық, себебі робототехника төртінші өндірістік революцияның негізгі қозғаушы күші екенін білесіздер. Сондай-ақ Edcrunch – білім саласындағы озық технологияларға арналған халықаралық конференцияға да қолдауымызды білдіріп келеміз. Бұл конференция әлемнің озық мектептерінің басшылары мен университеттер жетекшілерінің басын қосады. Сондықтан біз бұл жиынға ауыл мұғалімдері мен жергілікті білім беру басқарма басшыларын міндетті түрде шақырамыз.
Негізінен білім саласында тың жобалар толыға берсе дейміз. Ең бастысы, олар ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдер үшін тегін болғаны абзал.
- Данияр мырза, мазмұнды сұқбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.