Елордада қоғамдық-гуманитарлық бағытта өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада аяқталып, жүлдегерлер белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қорытынды кезеңге барлығы 500-ге жуық оқушы қатысты. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші республикалық олимпиадада еліміздің шалғай жерлерінен келген 165 бала жеңімпаз атанды. Олар 83 қола, 49 күміс және 33 алтын жүлдені жеңіп алды.
Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев марапаттады.
Бүгін біз қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша жеңіске жеткен ауыл мектептерінің үздік оқушыларын марапаттап жатырмыз. Олардың барлығы аймақтық іріктеу турларынан өтіп, республикалық олимпиадада жеңіске жетті және өздерінің терең білімдері мен тамаша дайындықтарын көрсете білді. Сіздерге жеңіс пен жаңа мақсаттарға қол жеткізуде табандылық тілеймін, - деп Қаныбек Жұмашев үздіктерді құттықтады.
Олимпиаданың республикалық кезеңіне ауыл мектептерінің 500-ге жуық оқушысы қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндерінен сынға түсті.
"Үздік олимпиадалық команда" номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен Маңғыстау облысының командасы марапатталды. Екінші дәрежелі орынды Түркістан және Жетісу облыстарының командалары жеңіп алды.
2023 жылдың қараша айында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталған болатын. Мақсаты – ауылдың дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтау және нығайту. Олимпиада жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардың 13 пәні бойынша үш кезеңде өтеді. Бастапқы кезеңге 80 мыңға жуық оқушы қатысты. Екінші кезеңде 25 мыңнан астам мектеп оқушылары жарысты. Олимпиаданың финалдық кезеңіне 1088 оқушы жолдама алса, оның 476-сы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша, – деп айтты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 31 ректорлық гранты табысталды.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада - бұл ауылдық жерлердегі дарынды оқушыларды анықтауға көмектесетін және олардың зерделі әлеуетін іске асыруға қолдау білдіретін бірегей жоба. Алғаш рет өткізілсе де, байқау еліміздің 80 мыңнан астам оқушысына олимпиадалық қозғалысқа қатысуға мүмкіндік берді, - дейді қазақ тілі мен әдебиеті бойынша республикалық олимпиаданың қазылар алқасының төрағасы Шоқан Амангелдіұлы Шортанбай.
Сонымен қатар республикалық кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.
14-18 қаңтарында Астана қаласында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық олимпиада өткен болатын. Оған 170 оқушы жеңімпаз қатысқанын еске сала кетейік.
Іс-шараны Оқу-ағарту министрлігі және "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.