Павлодар облысының ауылдарында 30 медициналық нысан бой көтереді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Нақтырақ айтқанда, 23 медициналық пункт, 5 фельдшерлік пункт пен екі дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың хабарлауынша, нысандар Аққулы, Май, Успен, Ақтоғай, Тереңкөл, Павлодар аудандары, Ақсу және Екібастұз ауылдық аумақтары тұрғындарының игілігіне жарамақ.
Қазіргі уақытта он медицина мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаларды жүзеге асыруға облыстық және республикалық бюджеттен шамамен 1,3 млрд теңге бөлінді. Ғимараттарды биыл қолданысқа бермекпіз. Қалған 20 нысан бойынша мердігер ұйымдар анықталды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр, - дейді Асқар Ажмұрат.
Мамандардың айтуынша, жобаларды жүзеге асыру арқылы жөндеуді қажет ететін медициналық нысандардың үлесі азаяды. 30 ғимарат модернизацияланған соң ауылдарға төрт маман қажет болады.
Салынып жатқан медициналық мекемелерге инженерлік коммуникацияларды тарту бойынша жұмыстар Екібастұз қаласына қарасты ауылдық елді мекендеріндегі екі нысанда басталды. Сонымен қатар, Ақсудың ауылдық аймағындағы алты нысан бойынша мердігерлік ұйымдарды анықтау мақсатында конкурстық шараларды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қалған 22 нысан бойынша сыртқы желілерді жергілікті әкімдіктер тартатын болады, - дейді Асқар Ажмұрат.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдің емдеу мекемелеріне 167 маман қажет. Ауылға мамандарды ынталандырып, еңбекке тарту үшін көтермеақы мөлшері артты. Тұрғын үймен қамту, жеңілдетілген несие беру сияқты ынталандыру шаралары қарастырылған.