Ауыл әйелдері қай өңірде көп тұратыны белгілі болды

19 Тамыз 2022, 15:09
1725
Бөлісу:
Ауыл әйелдері қай өңірде көп тұратыны белгілі болды

Бұл туралы Ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина Қазақстанның оңтүстік облыстарының өңірлік форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазіргі таңда Жаңа Қазақстанда болып жатқан саяси реформалардың басты бағыты – әділетті қоғам орнату және халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасау болса, біздің форум бұл мәселелерді күн тәртібіне қойып, жүйелі жүргізіп келе жатқанына биыл бес жыл толыпты. Осы бес жыл ішінде аяғымыз жеткен мінберлерден ауыл әйелдерінің дамуына жағдай жасау Қазақстанның тең жартысының, яғни 40 пайыздан аса ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жол ашады деп аузымыз жеткенше айтып келеміз. Жыл сайын 14 облыстық форумға Қазақстанның 163 ауданынан 2 100-ге жуық ауыл әйелдері қатысты, - деді Айсина. 

Ол атағандай, бес жыл ішінде ауыл әйелдерінің форумы ортақ мақсат, ортақ мұңы бар үлкен қауымдастыққа айналды, мемлекет тарапынан әйелдерге арналған жаңа қолдау тетіктерінің пайда болуына өз септігін тигізді.

Өткен екі жылда әлемдік пандемия форум барысында талқыланып жүрген тақырыптардың өзектілігін арттырып, маңыздылығы еселей түсті. Әсіресе, осы форумдар аясында тілге тиек боп жүрген ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдық жерлерді тұрақты дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамту мәселелері күн тәртібінің төріне шықты. Коалиция бастамасымен іске қосылған, халық арасында кеңінен қолдау тапқан «Ауыл өнімі» жобасы ауыл тұрғындарын коронавирустік дағдарысқа қарамастан ауылдық жерде өнім өндіріп, табыс табуға жетеледі, - деді ол.

Айсинаның айтуынша, басқа өңірлердегі ауыл әйелдерінің саны 400-600 мыңнан аспаса, бүгінде оңтүстік өңірде 2 миллион 200 мыңға жуық ауыл әйелі бар екен, ең көп ауыл әйелі Алматы және Түркістан облыстарының еншісінде. 

Республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 5% межені көрсетсе, батыс өңіріндегі, яғни төрт облыстың орташа жұмыссыздық деңгейі 5,4%-ды құрап отыр. Оңтүстік өңірлердің ішінде ең жоғарғы көрсеткіш Алматы облысында жұмыссыздық деңгейі 6%-ды көрсетіп отыр. Бүгін біз осы жұмыссыздық мәселесін, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдағы қыз-келіншектердің дамуы, өз кәсібін бастауы, кәсіп бастап кеткендерін қолдау сияқты өзекті мәселелерді жан-жақты ашық талқылаймыз. – деді Майра Айсина.

Өзгелердің жаңалығы