«Ауыл аманаты» жобасы жұмыссыз жастардың санын азайтуға көмектеседі

9 Ақпан 2023, 11:18
1400
Бөлісу:
«Ауыл аманаты» жобасы жұмыссыз жастардың санын азайтуға көмектеседі

Ақтөбе облысында басталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыссыз ауыл жастарын кәсіптік дағдылауға бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Осы бағдарламаны жүзеге асыру асыру мақсатында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен Ішкі саясат басқармасының мамандары ауылдық жерлердегі 35 жасқа дейінгі жастарға скринингтік жұмыстар жүргізіп, ауыл жастарының паспортын жасақтады. 

Скрининг өңірдегі 35 жасқа дейінгі 209 мың жасты қамтыды. Скрининг нәтижесінде 12 аудандағы «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтен 278 жұмыссыз жас анықталды. 

Осы 278 жұмыссыз жастың ішінен 22-сі «Дем» жобасының бірінші кезеңіне қатысып, білім алуда. Бес күн ішінде олар ауылшаруашылығы, әлеуметтік-мәдени және қаржылық сауаттылық сияқты үш бағыт бойынша дәріс тыңдайды. 

Жобаны дайындауды алты ай бұрын бастадық. Осындай ұзақ уақыт ішінде біз сауалнама жүргіздік, талдаулар жасадық және бағыттарды анықтадық. Барлық жасалған жұмыстар негізінде 106 сағатқа бірегей оқу бағдарламасы әзірленді. Оның ішінде 40 сағатты ұйым базасында оқиды, қалған сағаттарды тәжірибеге жұмсайды. Курстың арқасында олар өз бизнестерін сенімді түрде бастап, «Ауыл аманатының» толыққанды қатысушылары бола алады, - деді «Дем» жобасының жетекшісі Дәулет Боранғали. 

Жобаның мақсаты – қысқа уақыт ішінде жаңа дағдыларды үйрену, жұмыссыз жастардың санын азайту, «Ауыл аманаты» жобасының арқасында өз ауылының экономикасы мен әл-ауқатын көтеру. Қатысушы Маратбек Асан Қарғалы ауданының Степное ауылынан келген. 

Менің тұрақты жұмыс орным болмады, сондықтан осы жобаға қатысайын деп шештім. Бүгін – оқудың үшінші күні. Келгеніме өкінбеймін. Өйткені бізге өз ісімізді ашу үшін де, өмір үшін де қажет нақты білім берілуде. Бұған дейін менде бизнес-жоба болды. Қазір мен кемшіліктерімді көріп отырмын, қаржылық сауаттылық болмаған екен. Мұндай жобалар бірінші ретте қате жібермеуге көмектеседі. Жылыжай ашып, биологиялық тыңайтқыштар шығарғым келеді. «Ауыл аманатымен» идеяларым жүзеге асады деп сенемін, - деді қатысушы Маратбек Асан. 

«Дем» жобасына «Ақбөбек» халықаралық мектебі демеушілік етеді. Олар қатысушыларды жатын орынмен, тамақпен және оқумен қамтамасыз етеді. Курс барысында жұмыссыз жастарға мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, қала кәсіпорындары мен бизнес нысандарында практикалық сабақтар өткізіледі.

Жоба қорытындысы бойынша әрбір қатысушы бекітілген тәлімгерімен бірге бизнес-жобаларды қорғайды және сертификаттарға ие болады. Оқуды аяқтаған соң, жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ал олар алған білімдері мен дағдыларын ауылдастарымен бөлісе алады. 

Өзгелердің жаңалығы