Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл әкімдерін сайлауға деген дайындық Түркістан облысында қызу жүргізілуде. Өңірдің 16 ауданындағы 181 ауыл округінде 60 сайлау округі құрылды. Жалпы, округтегі 242 сайлау учаскесінде өтетін ауыл округтері әкімдерін сайлау биыл жаңа форматта өткізіліп, тікелей дауыс беру арқылы сайланады.
Айта кетейік, қазіргі таңда 56 ауыл әкімінің өкілетті мерзімі аяқталған, ал 4 ауыл әкімі өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Сарыағаш ауданындағы 14 ауыл округінің 8 ауыл округінде (57%), ал Кентау, Ордабасы, Шардара аудандарында бір-бір ауыл округтерінде ауыл әкімдерінің тікелей сайлаулары тағайындалды.
Сарыағаш және Отырар аудандарындағы әр сайлау округтерінде 4-5 үміткерден ұсынылды. 2021 жылдың 8 шілдесіне дейін 60 сайлау округіне – 230 үміткер ұсынылды. Оның ішінде өзін өзі ұсыну бойынша – 154 үміткер, саяси партиялардан – 76 үміткер, атап айтқанда Nur Otan саяси партиясынан – 49, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясынан – 12, «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 7, «ADAL» саяси партиясынан – 7, Коммунистік халық партиясынан – 1 үміткер ұсынылды. Мемлекеттік қызмет істері департаментіне өткізілген 221 үміткердің құжаттары тексеріліп, 208 үміткердің заң талаптарына сәйкестіктері, ал 13 үміткердің заң талабына сәйкес еместігі анықталды. Бұдан бөлек, 214 сенім білдірген адам тіркелді. Оның 195-і – өзін-өзі ұсынған үміткерлер, 19-ы – саяси партия үміткерлерінен болды, - деді Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек ӨмірәлиевҚазіргі кезде өзін өзі ұсынған 109 үміткерге қол қою парақтары берілді. Сайлаушылардың қолдары қойылған 31 үміткердің қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссияларына қайтарылды.
Сайлау барысында әлемдік пандемияға байланысты сақтық шаралары да ұмыт қалмаған. Бекітілген 1 673 комиссия мүшесінің ауруларына байланысты 243-не вакцина жасалынбайды. Вакцинаның бір компонентін алғандар саны – 1 305 болса, екі компонентін де алғандар саны – 1 058 құрады.
Ауыл әкімі болуға әйел адамдар да тілек білдіріп жатыр. Мәселен, 230 үміткердің сегізі әйел азаматы. Бәйдібек ауданынан – 3, Созақ ауданынан – 2, Сарыағаш ауданынан – 2, Мақтаарал ауданынан – 1 үміткер әйел тіркелді. Ғылыми атағы бар – 1 үміткер, үміткерлердің орта жасы – 45, ең жасы – 25 жас, - деді сайлау комиссиясының төрағасы Өмірәлиев.
Сайлау комиссияларына әр сайлау учаскелері бойынша актімен әкім қол қойған сайлаушылар тізімі дауыс беру басталардан 20 күн бұрын, сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдерімен танысуды ұсыну дауыс беру күніне дейін 15 күн бұрын, 2021 жылдың 10 шілдесінен, сайлаушыларға уақытысын хабарлау 2021 жылдың 15 шілдесіне дейін, учаскелік сайлау комиссияларына сайлау бюллетендерін жеткізу, 22 шілдеден ерте емес, 24 шілдеден кеш емес жүргізіледі.
Еске сала кетсек, үміткерлердің ұсыну мерзімдері 2021 жылдың 26 маусымында басталып, 9 шілде сағат 18:00-де аяқталады. Ал үміткерлерді тіркеу 2021 жылдың 14 шілдесінде 18:00-де аяқталады. Үгіт-насихат жұмыстары 14 шілде 18:00-де басталып, 24 шілде 00:00-сағатта аяқталады.