Ауыл әкімдерін тікелей сайлау халық үшін маңызды

12 Шілде 2021, 21:23
4910
Бөлісу:
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау халық үшін маңызды
Сұхбат

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 25 шілдеде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Қызылорда облысындағы 7 ауданында 40 ауылдық округ әкімінің сайлауына 151 кандидат ұсынылған. Бұған дейін тек жергілікті мәслихат депутаттары сайлап келген ауыл әкімдерін халық тікелей сайлайтын саяси науқандағы дайындық барысын Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накиповтан сұрап білдік.

- Болат Нұржігітұлы елімізде алғаш рет өтіп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауының халыққа пайдасы бар ма? Артықшылықтары қандай?

- Ауыл әкімдерін тікелей сайлау ең алдымен халық үшін маңызды екенін атап өткім келеді. Біріншіден, әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігі артады, өйткені оларды жергілікті халық тікелей таңдайтын болады. Екіншіден, тұрғындар өздерінің туған ауылдарының өміріне белсенді қатыса алады.

Жалпы, ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауын жанама сайлау жүйесінен тікелей сайлау жүйесіне өзгертілуінің басты себебі жергілікті халықтың басқару жүйесіндегі белсенділігін арттыру және еліміздің демократиялық процестерді одан әрі дамыту болып табылады.

- Біздің облыста қалай ұйымдастырылып жатыр?

- Қазір дайындық - ең маңызды сәт. Әкімдердің сайлауын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес 26 маусымда үміткерлерді ұсыну басталып, 9 шілде күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталды. Ұсынылған кандидаттарды тіркеу 14 шілде күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-ге дейін жүргізіліп, әрі қарай тіркелген кандидаттардың үгіт жұмысы 24 шілдеде сағат 00.00-ге дейін жүргізіледі.

Жергілікті атқарушы органдар сайлау өтетін ауылдық округтер бойынша әрбір сайлау учаскесі кесінінде сайлаушылардың тізімін а.ж. 5 шілдеде сайлау учаскелеріне сайлау учаскелеріне табыс етті. 10 шілдеден бастап, яғни бұгінгі күннен бастап әрбір сайлаушы сайлау учаскесіне барып, өзін сайлаушылар тізімінен тексеруіне болады. Аталған 40 ауылдық округте 36 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.

Ұсынылған 151 кандидаттың 98-і өзін-өзі ұсынған болса, 53-і саяси партиялармен ұсынылғандар.

Осы ретте айта кету керек, өзін-өзі ұсынған екі кандидаттың өз өтініштеріне сәйкес кандидатуралары алынып тасталды.

- Саяси партиялардың үлесі қанша?

- Саяси партиялардың ішінен жоғары белсенділік танытқан «Nur Otan» партиясы. Бұл партиядан 32 кандидат, «Ауыл» партиясынан – 7 кандидат,  «Ақ жол» партиясынан – 5 кандидат, «Адал» партиясынан – 4 кандидат, «ҚХП» – 5 кандидат ұсынылды.

Қазіргі таңға ұсынылған 151 кандидаттың 113-нің мемлекеттік қызмет заңнамасымен қойылған біліктілік талаптарға сәйкестігі анықталған болса, 6 үміткердің біліктілік деңгейі заңнамаға сай келмеді. Қалған кандидаттар анықталуда. 

Әзірге біліктілік талаптарға сәйкестігі анықталған 113 кандидаттың 67-і (59,3%) тіркелді, оның 41-і саяси партиялар ұсынған кандидаттар.

Аудандар бойынша бөлетін болсақ: Арал – 34, Қазалыда – 3, Қармақшыда – 3, Жалағашта – 4, Сырдарияда – 3, Шиеліде – 5, Жаңақорғанда – 15 кандидат тіркелді.

- Үміткерлердің жас ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.

- Ұсынылған кандидаттардың арасында 8 (5,2%) әйел, ең жас кандидат 25 жаста, ең үлкені 62 жаста. Кандидаттардың орташа жасы 41 жасты құрап отыр.  

- Оларға қойылатын талап қандай?

- Қазақстан «Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР заңының 36-бабына сәйкес, сайлауға 25 жасқа толған ҚР азаматы кандидат ретінде қатыса алады. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімінің лауазымы Е-R-1 санатындағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазымына жатқызылуына байланысты мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамамен белгіленген біліктілік талаптарға сәйкес келуі шарт. Ауылдық округтің әкімі болуы үшін аталған кандидатта жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі мен жұмыс тәжірибесі бойынша қаралған біліктілік талаптардың 9 нұсқасының ең болмағанда біріне сәйкес келуі тиіс.

- Бір мандатқа қанша үміткерден келеді? Қай ауданда бәсекелестік жоғары?

- Орташа 1 мандатқа бәсекелестік 3,8 кандидаттан келеді. Аудандар бойынша ең жоғары бәсекелестік Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында байқалады. Ал, ауылдық округтер бойынша ең жоғары бәсекелестік Шиелі ауданындағы Майлытоғай және Жаңақорған ауданындағы Кейден ауылдық округтерінде, бұл округтерде 1 мандатқа 6 кандидаттан түсіп отыр. 
Өзгелердің жаңалығы