Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өзінің жұмыс сапарын Баскөл ауылындағы Май топтық сумен жабдықтау жүйесінің су жинау станциясынан бастады. Бүгінгі таңда 14 елді мекен қосылған магистралдық желілерде іске қосу-реттеу жұмыстары жүруде, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Май топтық сумен жабдықтау жүйесінің магистралдық желілерінің ұзындығы - 147 шақырым, ал кент ішіндегі тарату желілерінің ұзындығы - 187 шақырым7 Қазір станцияда тазарту жабдықтары мен резервуарлар ретке келтірілуде. Барлық сынақ жұмыстары маусымның аяғына дейін аяқталады, – , - деді жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев.
Сорғы станциясында тәулігіне 4 мың текше метрге дейін ауыз су өндіруге болады, бұл 20 мың адамға жетеді. Сондықтан болашақта Ақсу ауылдық аймағына жақын орналасқан ауылдар Май топтық сумен жабдықтау жүйесіне қосылуы мүмкін. Облыс әкімі дәл қазір жеке меншік үйлерді орталық су жүйесіне қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Әр үйге су жеткізу - негізгі көрсеткіш. Егер орталық су жүйесіне қосылу нүктесі үй ауласынан жүздеген метр жерде болса, тұтынушы үшін үйіне су жеткізу қиын болады, - деп атап өтті өңір басшысы.
Мүгедектерді оңалту орталығы бар орталық аудандық ауруханада облыс әкіміне медициналық мекеменің негізгі мәселесі туралы айтылды. Бас дәрігер Байболат Қазбековтің айтуынша, ғимаратты жер асты сулары басып кетпеуі үшін дренаж жүйесін салу қажет. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы да бар. Әбілқайыр Сқақов жобалық-сметалық құжаттамамен танысып, алдағы уақытта жобаны қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Көктөбе ауылында Әбілқайыр Сқақов аудандық балалар - жасөспірімдер спорт мектебіне барды. 20 мамырдан бастап мұнда толық көлемді футбол алаңы күрделі жөндеуден өткізілуде және тартан жамылғысы бар жүгіру жолдарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар бүгінде аудан орталығында Қазақстанның жұмыс күші мол аймақтарынан көшіп келушілерге арналған бес екі пәтерлі үй салынуда. Жаңа үйлер үстіміздегі жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ Көктөбе ауылында бұрын-соңды сапалы асфальт-бетон төсемі болмаған жолдарға асфальт төселуде. «Дорстрой» ЖШС ұзындығы 7 шақырым болатын ауыл ішіндегі 13 көшенің 6 жолын жөндеп қойды. Мамандар мен жергілікті тұрғындар жұмыс сапасына риза, алайда облыс әкімі мердігерді бақылауды жалғастыруды талап етті.
Егер ауылда су, жол және басқа да жағдайлар болмаса, онда адамдар бұл жерде қалмайды. Біздің мақсатымыз - ауыл тұрғындарының азаюына жол бермеу, - дейді өңір басшысы.
Әбілқайыр Сқақов 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысын аралап көрді. «Nur Jailay» шаруа қожалығының басшысы Нұржан Қармановтың айтуынша, кәсіпорын осы жылдың соңына дейін ішінара жұмыс істей бастайды.
"Сыбаға" бағдарламасы бойынша біз 400 млн. теңге алдық. 500 бас герефорд тұқымының ірі қара малын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір карантин шараларына байланысты мал сатып алу мәселесі кідіріп тұр. Болашақта бордақылауға жергілікті тұрғындардан мал қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Егер жем-шөп базасы мүмкіндік берсе, мал күніне 1,5 келі салмақ қосады деп болжап отырмыз. Қазір біз суаруға 430 гектар жер алдық, жүгері мен арпа өсірмекпіз, - деді кәсіпкер.
Облыс әкімі жұмыс сапары аясында "Ақжар Өндіріс" ЖШС-нің қымыз цехында болды. Кәсіпорында қымыз өндірумен айналысады. 2020 жылдың қаңтар-сәуір аралығында шамамен 20 тонна қымыз өндірілген.
Аймақ басшысы сондай-ақ суаруды дамытуға қызығушылық танытқан фермерлермен кездесті. Бүгінде мұнда тек 370 гектар жер суарылады. 2022 жылы суармалы алқаптар көлемін 8 мың гектарға жеткізуге ниетті. Әбілқайыр Сқақов егістіктерге суару инфрақұрылымын жүргізбестен бұрын, шаруалардың ауылшаруашылық өндірісінің нақты көрсеткіштері бар жобаларды ұсынулары керек екенін еске салды.