- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ауруханалардан ауылдағы медпункттерге дейін: Қазақстан медицинасы жеті жылда қалай жаңарды?
Ауруханалардан ауылдағы медпункттерге дейін: Қазақстан медицинасы жеті жылда қалай жаңарды?
Елде 1 259 медициналық нысан салынды. Жаңғыртуға жүздеген миллиард теңге бағытталып, ірі жобалар қолға алынды.
7 Қазан 2026, 17:30
Қазақстанда 2019 жылдан бері 1 259 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 32 аурухана, 19 емхана, 1 196 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, 3 ғылыми медициналық орталық және денсаулық сақтау саласына қатысты тағы 9 нысан бар. Бұл туралы «Turar Healthcare» КЕАҚ Басқарма төрағасы Асқар Хорошаш BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріліп, жаңа нысандар салумен қатар қолданыстағы медициналық ұйымдарды реконструкциялау және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2019 жылдан бері елімізде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Осы кезеңде барлығы 1 259 медициналық нысан салынды. Оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының үлесі басым, – деді Асқар Хорошаш.
Ұсынылған деректерге сәйкес, жылдар бойынша 2019 жылы – 212, 2020 жылы – 102, 2021 жылы – 82, 2022 жылы – 133, 2023 жылы – 203, 2024 жылы – 272, 2025 жылы – 252, 2026 жылы – 3 медициналық нысан салынған.
Ауылда 655 медициналық нысан іске қосылды
Асқар Хорошаш ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстарының нәтижелеріне де назар аударды.
2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Жоба ауылдарды алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, жедел медициналық көмекті уақытылы көрсету және медицина кадрларымен қамту міндеттерін көздейді.
Жоспарланған 655 нысанның барлығы пайдалануға берілді. Оның 228-і бұған дейін медициналық инфрақұрылым болмаған ауылдарда жаңадан салынса, 427-сі ескірген және бейімделген ғимараттардың орнына тұрғызылды. Бұл 180 мыңнан астам азамат үшін медициналық көмектің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деді Асқар Хорошаш.
655 нысанның ішінде 160 дәрігерлік амбулатория, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт және 260 медициналық пункт бар. Барлық нысанда компьютерлік техникамен жабдықталған телемедицина кабинеті қарастырылған.
Жоба аясында үш типтегі нысанға – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және медициналық пунктке арналған 16 эталондық жоба әзірленген. Олар өңірлердің климаттық және сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып жасалған.
Эталондық жобаларды қайталап пайдалану жобалау мен құрылыс мерзімін қысқартып, 16,5 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берген. Жобалар халықаралық және ұлттық құрылыс, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес әзірленген. Эталондық жобаларда отандық өнім өндірушілердің үлесі 80%-дан асады, ал медициналық және медициналық емес бұйымдардың жалпы үлесінде бұл көрсеткіш 70%-дан жоғары.
Ауыл медицинасына 119,4 млрд теңге бағытталды
2023-2025 жылдары ауылдағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын салуға 119,4 млрд теңге бағытталған. Оның 22,9 млрд теңгесі 2023 жылы, 79,6 млрд теңгесі 2024 жылы, 16,9 млрд теңгесі 2025 жылы бөлінген.
Ауыл медицинасының жаңғыртылуы жаңа нысандар салумен шектелмейді. 2026 жылдың соңына дейін 32 көпбейінді орталық аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланған.
Көпбейінді орталық аудандық ауруханалар деңгейіне көшу – ауыл тұрғындарының ауданнан алысқа шықпай-ақ облыстық аурухана деңгейіндегі медициналық көмек алуына бағытталған кешенді жаңғыртудың бір бөлігі, – деді Асқар Хорошаш.
Жаңғыртылған ауруханаларда инсульт және кардиология орталықтары, медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері ашылады. Олар КТ, МРТ, ангиографтар, операциялық және реанимациялық кешендер сияқты заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
2023-2026 жылдары аудандық ауруханаларды жаңғыртуға 99,8 млрд теңге бағытталған. Оның 79 млрд теңгесі реконструкциялау мен күрделі жөндеуге, 20,8 млрд теңгесі медициналық жабдық сатып алуға жұмсалған. Осы қаражатқа 927 бірлік медициналық техника алынған.
Медициналық ұйымдар желісі де өзгерді
Асқар Хорошаш медициналық ұйымдар желісіндегі өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, 2019-2025 жылдары медициналық ұйымдардың жалпы саны 5 879-дан 5 524-ке дейін, яғни шамамен 6%-ға азайған.
Соңғы жылдары медициналық ұйымдар желісінде тек сандық өзгеріс емес, алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру және халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, құрылымдық трансформация да жүріп жатыр, – деді ол.
Осы кезеңде ауруханалық ұйымдар саны 496-дан 477-ге, дербес амбулаториялық-емханалық ұйымдар 169-дан 157-ге, ПМСП құрылымдық бөлімшелері 5 140-тан 4 836-ға дейін қысқарған. Медициналық пункттер саны 2 991-ден 2 649-ға, дәрігерлік амбулаториялар 1 272-ден 1 258-ге азайған.
Сонымен қатар фельдшерлік-акушерлік пункттер саны 836-дан 886-ға, ПМСП орталықтары 41-ден 43-ке дейін артқан.
Ол бұл өзгерістерді демографиялық процестермен және урбандалу деңгейімен байланыстырды. Ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуы жекелеген елді мекендердегі халық санына, соған сәйкес медициналық инфрақұрылымға деген қажеттілікке де әсер етеді.
Ірі медициналық жобалар
Мекеме төрағасының айтуынша, медициналық инфрақұрылымды дамыту аясында республикалық және өңірлік деңгейде бірқатар ірі нысан іске қосылды.
Атап айтқанда, Астанада 210 орындық Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық пен 200 орындық Ұлттық жедел медициналық жәрдемді үйлестіру орталығы, Алматыда 350 орындық Ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталығы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, өңірлерде де жаңа медициналық нысандар бой көтерді. Алматы облысының Ұзынағаш және Нарынқол ауылдарында екі емхана, Риддерде көпбейінді аурухана, Ақтауда жылына 100 мың шақыртуға арналған облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясы салынды. Мұнайлы ауданында 2025 жылы 150 орындық орталық аудандық аурухана іске қосылды.
Қазір Көкшетауда 630 орындық, Түркістанда 570 орындық және Петропавлда 480 орындық көпбейінді ауруханалар салынып жатыр. Сонымен қатар Атырау, Жетісу, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында емханалар, жедел жәрдем станциялары мен ауруханалардың жаңа корпустарын салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, - деп атап өтті ол.
Медицина инфрақұрылымына 782,4 млрд теңге бағытталды
Медициналық инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де артқан. 2023 жылы бұл мақсатқа 124,2 млрд теңге қарастырылса, 2026 жылға 195,4 млрд теңге жоспарланған. Осы кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш 2025 жылы тіркеліп, 236,5 млрд теңгені құраған.
2023-2026 жылдары денсаулық сақтау инфрақұрылымын салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу және жаңғыртуға 782,4 млрд теңге қарастырылған. Оның 584,6 млрд теңгесі құрылыс пен реконструкцияға, 197,9 млрд теңгесі күрделі жөндеу мен жаңғыртуға бағытталған, – деді Асқар Хорошаш.
Оның айтуынша, қаражаттың басым бөлігі жаңа медициналық нысандар салуға және қолданыстағы объектілерді реконструкциялауға бағытталған.
Ең оқылған:
- Қазақстанда алкогольге ең көп ақша жұмсайтын өңір анықталды
- Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды
- Қар жауып, үсік жүреді: 7 қазанға ауа райы болжамы
- Алматы облысында балаларды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші ұсталды
- Қазақстанның алты өңірінде жүргізушілерге қар жауатыны туралы ескерту жасалды
Жанерке Жәкен