Таңертең аулада көлігіңізді оталдырып, әйнектегі қырау ерігенін күттіңіз. Бес минуттан асса, айыппұл салына ма? Ал веложол жоқ көшеде электр самокатпен қайда жүруге болады? Қазақстанда 20 қарашада күшіне енген Жол жүрісі қағидаларындағы өзгерістерді BAQ.KZ тілшісі түсіндіреді.
Аулада бес минуттан асса, айыппұл салына ма?
Ішкі істер министрінің 3 қарашадағы №832 бұйрығымен елді мекендерде қозғалтқыштың жұмысы тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда көлікті оталдырып, тұраққа қоюға тыйым салатын жалпы норма алынып тасталды. Енді қала көшесінде тұраққа қоюға рұқсат етілген жерде көлікті қыздыруға болады. Тұрғын аймақтар мен аулаларда қозғалтқышы қосулы көлікті тұраққа қоюға тыйым сақталады. Бұл талап аулаға «Тұрғын аймақ» белгісі орнатылмаған жағдайда да қолданылады. Қағидада электромобильдерге қатысты ерекшелік көзделген.
Бес минут деген шек «тұрақ» ұғымынан шығады. Жолаушыны отырғызу, түсіру немесе жүк тиеу, түсірумен байланысты болмаса, көлік қозғалысын әдейі бес минуттан артық тоқтату тұрақ болып саналады. Демек, жүргізуші аулада көлігін оталдырып, әйнектегі қыраудың еруін бес минуттан ұзақ күтсе, бұл тұрақ ережесін бұзу болып есептелуі мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл 5 АЕК, яғни 2026 жылы 21 625 теңге.
Курьердің электр велосипедіне нөмір мен куәлік керек пе?
Қозғалтқышы бар велосипед мопедтің техникалық сипаттамаларына сай келсе, оған мопедке қойылатын талаптар қолданылады. Мопедтің конструкциялық ең жоғары жылдамдығы 50 км/сағ-тан аспайды. Іштен жанатын қозғалтқышы бар үлгілер үшін оның көлемі 50 текше сантиметрден аспауға тиіс.
Мопед санатына кіретін электр велосипедін тіркеу, мемлекеттік нөмір алу, техникалық байқаудан өткізу және міндетті сақтандыруды рәсімдеу қажет. Оны басқару үшін A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігінің бірі керек. Бұл талаптар осындай көлікпен тапсырыс таситын курьерлерге де қолданылады. Мопедпен тротуарда жүруге тыйым салынады, ал жаяу жүргіншілер өткелінен өту үшін жүргізуші көліктен түсіп, оны жетектеп өтуге тиіс.
Веложол біткен жерде самокатшы қайда бұрылады?
Электр самокатпен велосипед жолы немесе велосипед жолағы бар жерде сол жолмен жүру керек. Олар болмаған жағдайда жол жиегімен немесе жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен бір қатарда жүруге болады. Жолдың жүру бөлігіне шығатын самокатшы 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын киген болуы керек.
Тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында электр самокатпен жүруге 25 тамыздан бері тыйым салынған. Қарашадағы түзету осы тәртіпті Жол жүрісі қағидаларында бекітті. Ал монодөңгелек, гироскутер және электр скейтборд шағын электр көлігіне жатады. Велосипед жолы мен жолағы болмаған жағдайда олармен тротуарда жүруге болады. Жолдың жүру бөлігіне шығуға тыйым салынады.
Белгіде 80 тұрса, автобус та 80-мен жүре ала ма?
Иә, тиісті жол белгісі қойылған учаскеде автобус пен жүк көлігінің жүргізушісі де белгіде көрсетілген шекке сай жүре алады. Мысалы, 3.24 белгісінде 80 км/сағ көрсетілсе, осы шек оларға да қолданылады. Мұндай учаскелерде жылдамдық 90 км/сағ-тан аспауға тиіс. Жоғары жылдамдыққа рұқсат беретін белгі қойылмаған жерде автобус пен жүк көлігіне 50 км/сағ деген жалпы шек қолданылады.
Сауда орталығының тұрағында соқтығысса, қай ереже қолданылады?
Жаңартылған қағидада тұрақ аумағы да қамтылды. Сауда орталығының немесе бизнес орталығының тұрағында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол белгілері мен таңбаларын сақтауға міндетті. Мәселен, тұрақтың ішкі жолында біржақты қозғалыс белгіленсе, жүргізуші көрсетілген бағытпен жүруге тиіс. Екі көлік соқтығысқан жағдайда оқиғаны қарау кезінде де жалпы жол жүрісі қағидалары қолданылады.
Жүргізушісіз көліктерге де жеке тәртіп бекітілді. Олар бекітілген аумақта, белгіленген бағытпен жүреді. Қозғалысты қашықтан оператор бақылайды. Байланыс үзілсе немесе ақау шықса, көлік жылдамдығын бәсеңдетіп, апаттық жарық белгісін қосып, қауіпсіз жерге тоқтауға тиіс.