Алматы, BAQ.KZ. Аталған көрме 3-4 тамыз күндері Мемлекеттік орталық музейде өтеді.
Ауған елі ежелден қолөнер шеберлерімен ерекшеленеді.
Аталмыш көрмеге Ауғанстан Ислам Республикасының қолөнер бұйымдары ұсынылады: ағаш ою, жиһазды әрлеу өнері, гравюрамен безендіру, металл құмыралар, зергерлік әшекейлер. Сондай-ақ, мыс пен қоладан соғылған ыдыс-аяқтар, еңбек құралдары, арнайы тұрмыстық рәсімдерге арналған заттар.
«Ауған елінің 30 компаниясы жеңіл өнеркәсіп бойынша түрлі өнімдерін ұсынбақшы. Атап айтсақ, қолдан тоқылған кілемдер, декоративті кестелер, киім-кешек, маталар, керамикалық бұйымдар, жібек кілемдерге салынған әртүрлі геометриялық көгөріс өрнекті кілемдер. Тоқыма кілемдерді қою қызыл түспен бояп, көпбұрышты фигуралармен әрлеген. Көрме келушілер үшін, зергерлік бұймдар мен кептірілген жеміс-жидектер де ұсынылады», - делінген хабарламада.
Салтанатты ашылуына Алматы қаласы Әкімдігі, Ауғанстан Ислам Республикасының Сауда және индустрия министрлігі, USAID өкілдері қатысады. Бұл көрме екі ел арасындағы мәдени-экономикалық байланыстың нығаюына ықпал етеді.
Аталған көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейі, Алматыдағы Ауғанстан Ислам Республикасының Бас консулдығы және USAID, Алматыдағы Ауғанстан Ислам Республикасының Сауда атташесі, Ауғанстан Ислам Республикасының Сауда және индустрия министрлігінің қолдауымен және Іскер әйелдер Ассоциациясымен (AICI) бірлесіп алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Көрменің ресми ашылуы – 3 тамыз күні сағат 12.00-де.