Әуежайдан жаңа зауытқа дейін: Өңірлерде қандай нысандар ашылды

Жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.

 Азаматтық авиация комитеті 24 Тамыз 2026, 08:28
24 Тамыз 2026, 08:28
115
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Қазақстан өңірлерінде тұрғын үй, көлік, коммуналдық инфрақұрылым және тамақ өнеркәсібі салаларындағы бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.

Тұрғын үй және газдандыру. Қызылордада әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға 90 пәтердің кілті табысталды. Ақмола облысының Аршалы кентінде 47 отбасы жаңа баспана алды. Ал Ақтөбе облысының Жабасақ ауылында 55 шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 500-ден астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.

Авиация. Арқалық әуежайы ауқымды реконструкциядан кейін 30 жылдан соң тұрақты рейстерді қайта қабылдай бастады. Астана, Алматы және Қостанай бағыттары бойынша әуе қатынасы іске қосылды. Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталып, оның ені 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді.

Теміржол және автожол инфрақұрылымы. Ақтөбедегі теміржол вокзалы жаңартылып, қайта ашылды. Кешен тәулігіне 6 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Қостанай облысындағы Тобыл стансасының вокзалын реконструкциялау да аяқталды. Жалпы республикалық бағдарлама аясында елімізде 74 вокзал салынып немесе жаңғыртылды.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 2024 жылғы су тасқыны кезінде қираған көпірдің орнына салынған 280 метрлік жаңа көпір пайдалануға берілді. Ол «Батыс Қазақстан – Оңтүстік Қазақстан» транзиттік дәлізінің құрамына кіреді.

Тамақ өнеркәсібі. Қостанай облысында «Баян Сұлу» фабрикасының жылына 16,6 мың тонна өнім шығаратын «Кондитерлік астана» жаңа өндірістік кешені іске қосылды. Нәтижесінде кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты жылына 85 мыңнан 101 мың тоннаға дейін ұлғайды.

Жаңа нысандар өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғыртуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған.

Наверх