Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент әуежайының жаңа терминалымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге қаражат жұмсаған.
Президентке Қазақстанның оңтүстігінде бірегей авиациялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды.
.jpg)
Бұдан кейін Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барды. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын көп функционалды кешен құрылысына жеке инвестор 14,8 миллиард теңге қаржы құйған.
Орталық өнім сақтаудың озық технологиясымен жабдықталған. Атап айтқанда, тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген.

Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 миллиард теңгенің өнімін шығарған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыжай кешендерін салуға түркиялық Alarko Holding компаниясы 650 миллион доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 миллион доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті екені айтылды.
Президент Шымкентке жұмыс сапары аясында жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытын да аралап көрді. Озық технологиялармен жабдықталған және автоматтандыру деңгейі өте жоғары кәсіпорын жылына 283 миллион литрге дейін сусын шығара алады.

Мемлекет басшысы өндіріс барысымен танысқан соң, өңірдің экономикалық өсіміне серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Shymkent City» шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа да барды.

Аумағы 20 гектардан асатын паркте сейілдеуге және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Субұрқақты жасанды тоған, амфитеатр, ландшафтты аллеялар, воркаут және скейт алаңдары бар.
Президент саябақ аумағында ағаш отырғызды. Қазіргі кезде Шымкентте адам басына шаққанда 4 шаршы метрге жуық жасыл желектен келеді екен. Экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін алдағы жылдары 1 миллион түптен астам ағаш көшеті отырғызылмақ. Шаһардағы 12 саябақты абаттандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы қоқыс полигонының орнында Экопарк құрылысы қолға алынды.
Бұдан бөлек, Президентке қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасы таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген конгресс-холл ғимаратымен танысты.

Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерген бұл көрікті нысан бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Мұнда сондай-ақ қолөнершілердің орталығы мен шеберханалары орналасқан.
Мемлекет басшысы Шымкентте жүзеге асырылып жатқан цифрлық шешімдермен танысты. Олардың қатарында отандық «СМЭУ Астана» әзірлемесіне негізделген бағдаршамдарды интеллектуалдық басқару жүйесі, Avtobys цифрлық платформасы бар. Sergek Group және Freedom Telecom компанияларымен бірге FWA 5G технологиясы негізінде жұмыс істейтін, жол қозғалысы мен мен қоғамдық тәртіпке үздіксіз мониторинг жүргізетін сыртқы бейнебақылау және жылдамдығы жоғары интернет жүйесі енгізіліп жатыр.