Елімізде шұғыл жәрдем көрсететін медавиация саласының қалыптасқанына ондаған жылдар өтті. Шұғыл медициналық қызметті сенімді тыл – білікті мамандарсыз елестету мүмкін емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында Қазақстандағы медавиация қызметінің жұмысымен танысып қайтқан едік.
Ат басын елорданың төрінде орналасқан Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына бұрдық. Айта кетерлігі, орталық еліміздің шалғай және қолжетімсіз өңірлерінде тұратын халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында құрылған. Яғни науқастар мен зардап шеккен адамдарды олардың жағдайының ауырлығына байланысты жылдам тасымалдауды қамтамасыз етеді. Орталық телемедицина, шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті, медициналық қызметпен тығыз байланыста.
Телемедицина науқастарды қашықтықтан бақылауда ұстайды

Телемедициналық консультациялар – бұл емдеу тактикасын нақтылау, медициналық авиация шеңберінде көрсетілетін қызметтердің қажеттілігін анықтау және білікті медициналық қорытынды алу мақсатында ұйымдастырылады.
40 жылға жуық уақыттан бері жедел жәрдем саласында еңбек етіп келе жатырмын. Бұл орталықта 5 жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің орталық тәулік бойы телемедицина және қашықтықтан медициналық қызмет көрсетеді. Республиканың барлық аймақтарынан келген науқастардың ауру тарихы жазылған медициналық жұмыстарын қарап шығып, оларды тиісті мамандарға жолдаймыз. Одан кейін қажет болса, телемедицина кеңесін ұйымдастырамыз. Телемедицина кеңесінде ауыр жағдайдағы науқастарды әрі қарай емдеу талқыланады. Науқастың хал-жағдайының ауырлығына байланысты оны жоғары деңгейдегі клиникаға ауыстыру қарастырылып, тасымалдауға дайындық жасалынады. Әрине, ол науқас жол тасымалдауын көтере ала, оны да ескереді, - дейді Телемедицина және қашықтықтан медициналық көмек көрсету орталығының фельдшер-диспетчері Гүлбаршын Көмекбайқызы.
Сонымен қатар спикеріміз республика көлемінде төтенше жағдайлар жөніндегі мәліметтерді қабылдайтынын алға тартты. Олар келіп түскен мәліметтерді сараптап, тиісті органдарға жібереді. Маманның айтуынша, ТЖ келіп түскен мәліметтерден көп зардап шегетін жол-көлік апатына түскен жандар екені көрінеді. Балалардың биіктіктен құлауы, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы сынды жайттар жиі кездеседі. Кезеңіне қарай зардап шегушілер сипаты да өзгеруі мүмкін. Мәселен, қыс мезгілінде көміртегімен улану көбейсе, жазда суға бату жайттары бойынша көмекке жүгінеді.
Жарақат алып, зардап шеккен адамдар қайауруханаға жеткізілгенін, хал жағдайының ауырлық дәрежесін анықтап, біздің кезекші дәрігер-реаниматологтар хабарласып, қосымша кеңестер беріп, емдеу шараларына қажет болған жағдайда түзетулер жасайды. Сол кезеңнен бастап, бұл науқастар біздің дәрігер-реаниматологтардың бақылауында болады. Яғни түсіндіріп өтейін, медблок тасымалға шығады. Талқыланып, шешілген соң, сол кеңес берген мамандардың қорытындысы бойынша жағдайы ауыр науқастар жоғары деңгейлі клиникаға ауыстыруға дайындық жасалына бастайды, - деді Гүлбаршын Көмекбайқызы.
Маманның айтуынша, телемедицина орталығына жүгінетіндердің көбі: жол-көлік апатына түскен жандар, ТЖ зардап шеккендер, балалардың биіктіктен құлауы, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы.
Кезеңіне қарай түсетін қоңыраулардың сипаты да өзгеруі мүмкін. Мәселен, қыс мезгілінде көміртегімен улану көбейсе, жазда суға бату жайттары бойынша көмекке жүгінеді. Көмек күткен әрбір жан үшін жүрегіміз ауырады. Науқастың хал-жағдайының ауырлығына байланысты оны жоғары деңгейдегі клиникаға ауыстыру, тасымалдау мәселесін де біз қараймыз, - дейді Гүлбаршын Көмекбайқызы.
Орталыққа ақпарат медавиация желісі арқылы түседі. Мәлімет қабылдайтын жүйе жолға қойылған.
Медавиация: Соңғы үміт – жүгі ауыр міндет

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Медициналық авиация қызметінің жұмысы шұғыл жағдайдағы пациенттерге қатысты жедел өтінімдер қабылданатын шағын диспетчерлік бөлімнен басталады.
Орталыққа қарайтын Медициналық авиация мобильдік бригадасының фельдшері Бибігүл Бөлеубаева медавиация қызметінде орталық ашылғалы – 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді.
.jpeg)
Айтуынша, әдеттегідей медавиацияда да жұмыс қауырт. Кезекшілік ауысымы таңғы сағат сегізде басталады. Әр күн сайын материалдық қамтамасыз ету кабинетінің қызметкерлері ауысым алдындағы медициналық тексеру жүргізеді. Бұл дегеніміз – бригаданың денсаулығы қатаң бағаланады және қызметкер өзін жайсыз сезінген жағдайда, ол жедел шақыртуға жіберілмейді.

Ұшу алдында дәрі-дәрмектер салынған қызғылт сары чемодан жинақталады. Ештеңені ұмытып кетпеу – өте маңызды, себебі медициналық мамандар ұшу барысында қандай жағдаймен бетпе-бет келетінін алдын ала нақты біле алмайды. Дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімі де қатаң бақылауда ұсталады. Сонымен қатар мамандар бригадалар пациентке ұшу кезінде қолданатын қажетті мобильді техниканы да дайындап береді.

Тәулігіне үш бригада: екі ересектер мен балалар бригадасы кезекшілікке түсеміз. Жұмыстың қиындығы да, қызығы да бар. Оңай жұмыс емес. Көп адам шыдай бермейді. Әуеге көтерілгенде сау адамның өзінің организмінде өзгеріс болатыны анық. Біздің міндетіміз – бізден көмек сұрап шақырған жандарды аман-есен діттеген жерге жеткізу. Көбінесе жаңа туған науқас сәбилерді тасымалдағанда ерекше сезімде боламын. Медициналық авиация қызметінің жұмысы медициналық этика қағидаттарын қатаң сақтау, сондай-ақ науқастар мен олардың туыстарына жанашырлықпен әрі адамгершілікпен қарау - парызымыз, - дейді Бибігүл Бөлеубаева.
.jpeg)
Айтуынша, кезекшілік сайын ұшатын кезеңдер кездеседі.
Бір жолы өңірден науқас тасымалдағанда тікұшағымыз Астанаға қона алмай, екі рет ұшып, Қарағандыға қонып, сол жақтан ертеңінде келгенім есімде қалыпты. Қайда болсақ та, пациенттерді діттеген ауруханаға аман-есен жеткізсек деп тілейміз. Көбінесе шала туған сәбилер, онкологиялық науқастарды, ми, жүрек-қантамыр, күйік шалған, нейрохирургиялық дерті бар жандарды шұғыл отаға жасатуға тасимыз. Өздігінен елордаға жете алмағандықтан бізге жүгінеді, - деді Медициналық авиация мобильдік бригадасының фельдшері.
.jpeg)
Тәулігіне 13-15 рет ұшатын медавиация өңірлердегі бөлімшелерінен келіп түскен өтінімдер негізінде әрекет етеді.
Былтыр 2184 рет адам жанын арашалауға ұшса, биыл 1-тоқсанда 408 рет ұшқан.
Бұл бригадалар кез келген шұғыл жағдай туындағанда дереу көмек көрсетуге, сондай-ақ қажетті ресурстарды нақты әрі тиімді түрде жұмылдыруға бағытталған.
Әуедегі "жедел жәрдем" – медавиация қаншама тағдырды құтқарып, қаншама өмірге үміт сыйлап келеді.

Қабылдау бөлімінде жұмыс қауырт
Аурухана туралы жалпы алғашқы әсер – қабылдау бөлімінен басталады.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Травмотологиялық пункті бар шұғыл көмек департаментінің басшысы Айгерім Тайжанова осылай деп санайды.
.jpeg)
Себебі науқастың қаншалықты жедел қабылданып, сапалы көмек алғанына қарай дәрігердің оны ауруханаға жатқызу немесе амбулаториялық еммен шектелу жөніндегі шешімі қабылданады.
Ең алдымен, науқастарды жағдайының ауырлығы мен медициналық көмектің шұғылдығына байланысты дұрыс сұрыптау маңызды. Біз TRIAGE (триаж) жүйесі бойынша жұмыс істейміз, - деп ағынан жарылды дәрігер.
(2).jpeg)
Шұғыл (аса жедел) санатқа жататындар:
- Кома жағдайы;
- Қант диабетінің асқынуы – кетоацидоз;
- Барлық түрдегі шок жағдайлары;
- Қан қысымының 160/90 мм сынап бағанасының жоғары болуы;
- Қан кету жағдайлары.
Басым санатқа жататындар:
- Дене қызуы 38°C-тан жоғары болғанда;
- Созылмалы аурулардың асқынуы, бірақ науқастың жағдайы тұрақты болған жағдайда.
Кешіктірілетін (шұғыл емес) санатқа жататындар:
- Жоспарлы науқастар, амбулаториялық ем алу санатына жататындар
Бұл санаттағы пациенттерге медициналық көмекті кейінге қалдыруға болады, себебі қарау сәтінде жедел араласуды талап ететін жағдай байқалмайды.